Баянауыл ауданы қарқынды дамуда

Баянауыл ауданы қарқынды дамуда

Баянауылда абаттандыру жұмыстары аяқталуда. Павлодар облысының әкімі БолатБақауов жұмыс барысымен Баянауыл ауданында болып, ауылдың дамуы туралы ой-пікірлерін білу үшін жергілікті тұрғындармен кездесті.  

Аймақ басшысы мен ауыл ақсақалдары жаңа саябақта кездесті. Саябақта тұрғындарға арналған серуендеу аймағы бар, сондай-ақ орындықтар мен өзге де шағын формалар, воркаут аймағы орнатылған.  Осының барлығына бюджеттен 40 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді.

– Бүгінгі таңда ауылымызда Кеңес Одағында жасалмаған жұмыстар жүргізіліп жатыр, – дейді Баянауыл ақсақалдары. – Енді немерелерімізбен серуендеп, ойнайтын алаңымыз бар. Ауыл көшелері жарықтандырылды, ешқашан мұндай жұмыстар жүргізілмеген.

Бұдан басқа, Даңқ алаңы абаттандырылып, Баян сұлу саябағына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жөндеу жұмыстары 71 миллион теңгеге жуық қаражатты құрады. Сондай-ақ мердігерлер 500 көрерменге арналған трибунасы бар жалпы сомасы 50  миллион теңгені құрайтын толық өлшемді футбол алаңын жабдықтауды аяқтауда.

Аудан орталығында құны 5 миллиард теңгені құрайтын орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Су құбырын жобаға сәйкес 2019 жылы тапсыру қажет, бірақ мердігерлік ұйым кесте бойынша алда келе жатқандықтан, құрылысты келесі жылы аяқтаулары мүмкін. Аймақ басшысы аталған мәселені қарастырып, міндетті түрде құрылыс басқармасымен келісуді тапсырды.

Павлодар облысының әкімі жақын арада жұмысын бастайтын тау шаңғы базасы орналасқан Мырзашоқы тауының етегінде болып қайтты. Қазіргі таңда арқанжолын қою үшін іргетасы құйылуда. Аталған жұмыстарды 10 қарашаға дейін аяқтау жоспарлануда.

– Біз жұмысты қыркүйек айында бастадық. Келісімшарт бойынша төрт ай мерзім бар. Дегенмен Жаңа жылға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті «АзияПромИнжиниринг» ЖШС өкілі Нұрлан Айтеев. – Қатты аяз түскен жағдайда кабельдерді қыздыру технологиясы мен басқа да жабдықтарды дайындап қойдық. Әткеншекті құру үшін бір ай керек, бұдан кейін бірден реттеу жұмыстарын қолға аламыз.

Жақын арада Ресейден Баянауыл ауданына ратрак – шаңғы трассасы мен тау шаңғы баурайын дайындауға арналған арнайы көлік құралы жеткізіледі.