
Павлодарда арнайы және жинағыш техниканың қысқы кезеңге дайындыққа байқауы өтті.
Байқауға ТЖ бойынша өңірлік департаменттің 16 бірлік құтқару техникасы және облыс орталығының коммуналдық қызметтерінің 150-ден астам машинасы жұмылдырылды. Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовқа ТЖД бастығы Ернұр Өтегенов хабарлағандай, алдағы қысқа ведомствода 47 бірлік өтімділігі жоғары техника, резервтік қоректендіру көздері және жанар-жағармай материалдарының қоры дайындалды. Биылғы жылы мемлекеттік материалдық резерв есебінен құтқарушылар дала жағдайында жұмыс істеуге арналған 4 вахтовка, КамАЗ базасындағы бульдозер мен самосвал алды. Жергілікті бюджет есебінен ведомство паркі автоцистернамен, автобуспен, екі УАЗбен және бес «Нива» автокөлігімен толықтырылды.
Қала басшысы Ержан Иманслям Павлодар қаласының коммуналдық қызметтерінің дайындығы туралы айтып берді. Ол облыс орталығында 159 бірлік қар жинайтын техника орналасқанын атап өтті. Қаланы қардан екі мердігер ұйым – «Горкомхоз Павлодар» ЖШС және «Холдинг Трансс Павлодар» ЖШС тазалайды. Қалың қар жауған жағдайда көмекке жеке автопаркі бар жол жөндеушілер келуі тиіс.
- Бірінші кезектегі міндет - қоғамдық көліктің жүруін және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, - деп атап өтті Ержан Иманслям. - Бірақ қалай болғанда да қар қала бойынша тазаланады. Ай сайын 12 рет қар шығару және 12 рет құм себу жоспарланды. Қар шығаруға арналған полигондар анықталып қойған. Скверлер мен саябақтарда жұмыс істеу үшін шағын тракторлар іске қосылады. Жолдарда қатты кептелістер болған жағдайға үш бұрауыш машина және екі бульдозер бар.
Аймақ басшысы қала билігі мен коммуналдық қызметтерден ауа-райының әртүрлі жағдайларына әрекет ету алгоритмдерін пысықтауды талап етті.
Барлығы жоспарланған болуы керек: А жоспары, В жоспары, С жоспары. Қала тұрғындары әкімдіктің, мердігерлердің арасындағы қарым-қатынасқа, тендерлік процедураларға қызығушылық танытпайды, - деді Әбілқайыр Сқақов. - Тұрғындар үшін қарды барынша қысқа мерзімде тазарту маңызды.
Облыс әкімі осындай жоспарларды бір апта ішінде әзірлеп, өткен маусымдағы қателіктерді ескеруді тапсырды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суретті түсірген Валерий Бугаев