Железин ауданына жаңа әкім тағайындалды

Железин ауданына жаңа әкім тағайындалды

Жаңа әкімнің кандидатурасын аудандық мәслихат депутаттары бекітті. Қанат Қашкировты таныстырған Болат Бақауов оның алдына бірден бірқатар міндеттер қойды.

– Железин ауданы астық егумен айналысатын өңірлердің бірі, географиялық тұрғыдан орналасуы да тиімді, бұл жерден жүк тасымалдары жиі өтеді, жері құнарлы, шабындық жерлер көп,- деді облыс әкімі. – Оған қоса, ауданда қолданылмай жатқан 50 мың гектар жер бар. Ауыл шаруашылығының деңгейін көтеру мақсатында сіз мұны толықтай пайдалану керексіз. Железин ауданының жолдары ең нашар. 2018 жылға облыстық бюджеттен аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге 120 миллион теңге бөлу жоспарланған. Бір апта ішінде осы мәселені қолға алыңыз.

Қанат Қашкиров – Павлодар облысы Павлодар ауданының тумасы. 2011-2013 жылдары жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы болып қызмет етті. Оған дейін индустрия және сауда департаментінде және кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінде, сондай-ақ абаттандыру басқармасында еңбек етті. Соңғы екі жылда мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментін басқарды.