Кадрлық өзгерістер

Кадрлық өзгерістер

Ең алдымен облыс әкімі өзінің бірінші орынбасары Дүйсенбай Тұрғановтың басқа қызметке ауысуына байланысты лауазымынан босатылғаны туралы хабарлады. Дүйсенбай Тұрғанов бұл қызметте бес жылдан аса жұмыс істеген еді.

– Өңіріміз тұрғын үй және әлеуметтік нысандардың құрылысы саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді, – деді аймақ басшысы. – Соңғы екі жылдың ішінде Дүйсенбай Тұрғановтың тікелей ат салысуымен нысандардың құрылысы мен жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 20 миллиард теңгеден аса қаржы тартылды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары болып бұған дейін Инвестициялар және даму министрлігінде құрылыс саласын дамыту Департаментінің директоры лауазымын атқарған Ұлан Жазылбек тағайындалды.  Ұлан Жазылбек 1962 жылы дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар, 1984 жылы Алматы қаласында сәулет-құрылыс институтын «Инжеенр-құрылысшы» мамандығы бойынша, ал 2009 жылы Қонаев атындағы университетті «Заңгер» мамандығы бойынша аяқтаған. Еңбек жолын 1984 жылы бастады. 1992-2005 жылдар аралығында коммерциялық құрылымдарда басшылық қызметте жұмыс істеді. 2005-2008 жылдары Алматы қаласының мемлекеттік сәулет-құрылыс саласындағы бақылау департаментінде бөлім басшысы, 2009-2011 жылдары «Қорғас» халықаралық шекаралас әріптестік орталығында Депаратмент директоры болып жұмыс істеді. 2011-2013 жылдары Алматы қаласының сәулет-құрылыс саласындағы бақылау департаменті директорының орынбасарының міндетін атқарды. 2013-2014 жылдар Өңірлік даму министрлігінің құрылыс және ТҮКШ мәселелері жөніндегі Комитет төрағасының орынбасары, 2014 жылдан қазіргі кезге дейін Ұлттық экономика министрлігінде инфрақұрылымды дамыту және экономика департаментінің директоры болып жұмыс істеді.

– Сіздің аймақта жұмыс істеу тәжірибеңіз бар, – деді оған Болат Бақауов. – Павлодар облысы – өзіндік даму ерекшеліктері бар өндірісті өлке. Сіздің біліміңіз бен тәжірибеңіз облыс орталығында жаңа екі шағын аудандардың құрылысын басқару, сонымен бірге облыстың коммуналдық және инженерлік инфрақұрылымды дамыту кезінде қажет болады. Сізден өзіңізге бағынышты басқармалар мен бөлімшелердің жұмысын жетілдіру бойынша ұсыныстар күтемін.

Сонымен бірге жиналыс кезінде облыс әкімі Ернұр Байғұрмановтың Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы қызметіне тағайындалғаны туралы хабарлады. Ол соңғы екі жыл ішінде аталмыш ведомствоның орынбасары қызметін атқарған еді. Ернұр Байғұрманов 1980 жылы дүниеге келген, салық органдарында 2000 жылдан бастап жұмыс істейді. Басшылық лауазымдарда жұмыс тәжірибесі бар, бұған дейін Екібастұз, Павлодар Қостанай қалаларында және Қостанай облысында салық ведомстволарын басқарған.

Бұған дейін хабарланғандай, облыс әкімінің орынбасары болып жұмыс істеген Николай Дычко Ақсу қаласының әкімі болып, ал  Ақсу қаласының бұрынғы әкімі Нұрлан Дүйсембинов облыстық қаржы басқармасының басшысы лауазымына тағайындалған еді.