Ауылымыз мықты болсын десек

Ауылымыз мықты болсын десек

Естай атындағы мәдениет сарайында өткен салтанатты жиналысқа агроөнеркәсіп кешенің ардагерлері мен жыл қорытындысы бойынша үздік деп танылған ауыл шаруашылығы өндірісінің мамандары шақырылды. Жиынға келгендер жиналыстың алдында облыстың ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің өнімдері қойылған көрмені тамашалады. Салтанатты жиналыс барысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Қасенов қонақтарды мерекемен құттықтап, АӨК саласындағы жетістіктермен бөлісті.

— Жыл басынан бері өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 12 миллиард теңге көлемінде бюджеттік қаржы құйылды. Аудандар мен қалаларда 2 миллиардтан астам инвестиция тартылып, ол қаржыға қырыққа жуық нысан жаңғыртылды. Бұл өз кезегінде 150 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді, — деді ол. — Өңірімізде сүт-тауарлы фермалардың құрылысы мен жем-шөп алаңдарын құру бойынша жұмыс та жанданып келеді. Алдағы жылы СТФ-ың құрылысына 4,5 млрд теңге инвестиция құйылады деп күтілуде. Бұл шара бізге облыстағы сүт шикізатының дефицитін қықсартуға мүмкіндік береді. Мемлекет тарапынан асыл тұқымды мал шарауашылығына көрсетіліп жатқан қолдаудың нәтижесінде өңіріміздегі асыл тұқымды ірі қара малдың санын көбейту мүмкін болды. Облысымызда су ресурстарының мол болуы суармалы егістік алқаптарын ұлғайтуға мүмкіндік береді. АӨК-ін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде республикалық бюджеттен бөлінген 10 миллиард теңге қаржыға 23 мың гектардан астам суармалы алқапты қалпына келтіру көзделіп отыр.

Облыс әкімінің орынбасары жиналыс барысында ауыл шаруашылық саласына еңбегі сіңген азаматтарды құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен және басқа да сыйлықтармен марапаттады. Шараның соңы мерекелік концертке ұласты.