Жиырма мыңнан астам павлодарлық студент қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру құқығына ие болды

Жиырма мыңнан астам павлодарлық студент қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру құқығына ие болды

Облыстық әкімдікте қол қойылған меморандумға сәйкес орта техникалық және кәсіби білім беру мекемелерінде, ЖОО-да күндізгі бөлімде  оқитын студенттердің төрт тобы автобустар мен травайларда тегін жүретін болады. Олардың қатарында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, аз қамтылған және көп балалы отбасыларда тәрбиеленетін балалар, жетімдер мен І, ІІ топтағы мүгедек студенттер. Колледждер, орта-арнаулы оқу орындары, институттар мен униерситеттерде білім алатын басқа студенттер студенттік жол жүру билетін сатып алу арқылы қоғамдық көлікте 50 пайыз жеңілдікпен жүру құқығына ие болады. Қарапайым жол жүру билетінің құны 8800 теңге болса, студенттерге арналған билеттің құны 4400 теңгені құрайтын болады.

– Күн сайын студенттер өзі оқитын оқу орнынан бөлек шет тілдерінің курстарына, спорт орталықтарына, кинотеатрларға барып тұрады, – деді Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов. – Олар үшін қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру мүмкіндігін енгізу мақсатында біз екі ай жұмыс істеп, көршілес қалалар мен мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп көрдік. Қазіргі кезде жолаушылар тасымалдау саласындағы қиындықтарға ұшырап жатқандығына қарамастан  түсіністік танытқан тасымалдаушыларға алғысымды айтқым келеді. Атқарушы билік ретінде біз білім алып жатқан жастарға жағдай жасауымыз керек.

Жиналысқа қатысқан студенттер облыс басшылығының оларды түсінгенін атап өтті. Анықталғандай, соңғы рет студенттер үшін қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру мәселесі 2007 жылы көтерілген екен. Алайда, бұл мәселе сол кезде шешімін таппаған еді.

– Студенттер қомақты қаржыны үнемдейтін болады, – деді С. Торайғыров атындағы ПМУ магистранты Рамиль Смаилов. – Бәзбіреулер үшін 5 мың теңге аса үлкен ақша болмаса да, студент үшін ол қаржы асханада тамақ ішуіне мүмкіндік береді.

Шенеуніктер мен тасымалдаушылар қол қойған құжат 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Павлодар қаласының білім ордаларында оқитын 20 мыңнан астам студент қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүретін болады. Аймақ басшысы Екібастұз және Ақсу қалаларында да студенттердің жеңілдікпен жүру  мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.