2026 жылғы 29 шілдеде Павлодар қаласында «Балалардың құқықтарын, қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз етудің кешенді тәсілі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Кездесу кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және отбасылық қолайсыздықтың алдын алу мәселелерімен айналысатын мемлекеттік органдардың басшыларын біріктірді.
Іс-шара Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Маликованың төрағалығымен өтті.
Отырысты аша отырып, облыс әкімінің орынбасары балалардың әл-ауқаты мемлекеттік саясаттың сөзсіз басымдығы болып қала беретінін атап өтті. Кездесудің басты мақсаты – төтенше жағдайларға ден қоюдан олардың алдын алуға және тәуекелдерді ерте анықтауға көшу.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі жасөспірімдер арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу болды.
Облыс прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасы бастығының орынбасары Д.Б. Разьянов және облыстық Полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары А.М Күркебаев ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жеделдігі мен сапасына ерекше назар аудара отырып, профилактикалық шараларды ұсынды.
Сондай-ақ қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары А.Е. Айтуарова білім беру ұйымдары үшін өзекті сын-қатерлерді атап өтіп, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Павлодар облысының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы З.Ж. Қалиева ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларды тиімді қорғау жедел ақпарат алмасусыз және кешенді сүйемелдеусіз мүмкін емес.
Қатысушылар ерекше назар тек тәуекел тобындағы отбасыларға ғана емес, сырттай қолайлы көрінетін отбасыларға да аударылуы қажет деген ортақ пікірге келді. Себебі сыртқы әл-ауқаттың астарында психологиялық мәселелер, өзара түсіністіктің жеткіліксіздігі және бала үшін жасырын қауіптер болуы мүмкін.
Кездесу қорытындысы бойынша тәуекел факторларын ерте анықтау жүйесін дамыту, профилактикалық жұмысты күшейту және мемлекеттік органдар арасындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірленді.