Павлодар облысында «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазын анықтау жөніндегі комиссия отырысы өтті. Отырысты облыс әкімінің орынбасары Айгүл Маликова жүргізді.
«Мерейлі отбасы» байқауы отбасы институтын нығайтуға, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, аға буынға құрмет көрсетуге, тәрбиелеуге, сондай-ақ өзара түсіністік, еңбекқорлық пен қоғамдық белсенділіктің үлгісін көрсететін отбасыларды қолдауға бағытталған.
Биыл байқауға қатысу үшін Павлодар облысының қалалары мен аудандарынан 172 өтінім келіп түсті. Алдын ала іріктеу қорытындысы бойынша облыстық кезеңге 13 отбасы жолдама алып, отбасылық дәстүрлерді сақтау, бала тәрбиесі, кәсіби және қоғамдық қызметтегі жетістіктердің жарқын үлгілерін ұсынды.
Комиссия мүшелері байқау материалдарын жан-жақты қарап, қатысушыларды белгіленген критерийлер бойынша бағалады. Атап айтқанда, отбасының қоғам дамуына қосқан үлесі, мәдени мұраны сақтау, қоғамдық өмірге белсенді қатысуы және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту бағытындағы қызметі ескерілді.
Отырыс қорытындысы бойынша Павлодар облысын байқаудың республикалық кезеңінде таныстыратын жеңімпаз отбасы анықталды. Жеңімпаздың есімі тамыз айының соңына дейін ресми түрде жарияланады.
Отырысқа қатысушылар «Мерейлі отбасы» байқауы берік әрі тату отбасының жағымды бейнесін қалыптастыруға ықпал ететінін, сондай-ақ жастар арасында отбасылық құндылықтарды насихаттаудың маңызды құралы екенін атап өтті.