Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 15 сәуірдегі «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңының 23-бабына сәйкес аудандардың жергілікті атқарушы органдары, ауылдық округтердің әкімдері жылына кемінде бір рет көрсетілетін қызметті берушілердің, мүдделі жеке және заңды тұлғалардың қатысуымен мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы қызмет туралы есептерді жария талқылауды өткізеді.
Мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы іс-әрекет туралы есептерді жария талқылауды өткізу жетекшілік ететін салада мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелерін реттейтін жергілікті атқарушы органдар қабылдаған және жоспарлаған іс-шаралар туралы халықты хабардар етуге бағытталған. Жария талқылаулар сондай-ақ қызмет көрсетушілер қызметінің есептілігі мен ашықтығы, мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі, мемлекеттік қызметтерді көрсету процесін ұдайы жетілдіру, оларды көрсетудің үнемділігі мен тиімділігі қағидаттарын іске асыруды қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 31 қаңтардағы «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімін бекіту туралы» № 39/НҚ бұйрығына сәйкес жергілікті атқарушы орган атынан Лесной ауылдық округі әкімі аппараты мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің 6 түрін көрсетеді:
1) «Сауда-саттықты (аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтарды сатып алу»;
2) «Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру»;
3) «Жер учаскесін жеке меншікке бір мезгілде не бөліп-бөліп сату»;
4) «Кент, ауыл жерлерінен жер учаскесін беру»;
5) «Жер учаскесін алуға кезекке қою»;
6) «Жер учаскесін жалдау мерзімін ұзарту».
«Железин ауданы Лесной ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ-сі 2025 жылы 5 мемлекеттік қызмет көрсетті, оның ішінде:
1) «Сауда-саттықты (аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтарды сатып алу» - 4
2) «Жер учаскесін жеке меншікке бір мезгілде не бөліп-бөліп сату» - 1.
«Е-лицензиялау» мемлекеттік деректер қоры ақпараттық жүйесі арқылы 4 өтініш келіп түсті.
Мемлекеттік қызмет көрсетудің тәртібі мен мерзімдері туралы халықты хабардар ету мақсатында аудандық «Туған өлке» және «Родные просторы» газеттерінде, мемлекеттік органның интернет ресурстарының бірыңғай платформасында, сондай-ақ «Instagram» әлеуметтік желісінде мақалалар жариялау жолымен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі туралы барлық қажетті ақпарат орналастырылған стенд бар. Тақырыптық баннерлер орнатылған.
2025 жылдың 12 айында халыққа 155 дана мемлекеттік қызметтер туралы қысқаша ақпаратты қамтитын буклеттер тарату акциясы өткізілді.
Мемлекеттік қызмет көрсету бойынша өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы жұмыс істейді. Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышының журналы жүргізіледі. Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы арқылы 383 қызмет көрсетілді.
ҚР «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңының 5-бабының 2-тармағына сәйкес көрсетілетін қызметті берушілер мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қажетті жағдайлар жасауға міндетті. «Лесной ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ-де шақыру түймесі, пандус, мнемосхема, мүгедектің тұрақ белгісі бар. Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы арқылы қажетті мемлекеттік қызметті алу үшін ауылдық округ әкімінің аппаратына өз бетінше келуге мүмкіндігі жоқ зейнеткерлік жастағы адамдарға, мүгедектерге үйге шығу жүзеге асырылады.
Тоқсан сайын мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша талдамалық анықтама жасалады.
Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына тұрақты негізде мониторинг жүргізіледі. Облыс әкімі аппаратының мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бақылау бөлімі 2025 жылғы 15-19 қыркүйек аралығында бақылау іс-шарасын өткізіп, бақылау іс-шарасының нәтижелері туралы акт шығарды.
Мемлекеттік қызметтер саласында біліктілікті арттыру мақсатында 2025 жылғы 3-7 қараша аралығында бас маман «Адамдар, ең алдымен: мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға арналған практикалық құралдар» тақырыбында оқудан өтті.
Есептік кезеңде көрсетілген мемлекеттік қызметтердің сапасына шағым түскен жоқ.