Сіздерді еліміздің басты мерекелерінің бірі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Қазақстанымыз өркендеп, әр шаңыраққа бақ-береке, молшылық пен татулық орнасын!
Еліміздің мерейі үстем, болашағы жарқын болсын!
Мереке құтты болсын!
Қазақстанда алғашқы республикалық «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафонына тіркелу басталды. Жоба еліміздің барлық өңірінен қатысушыларды біріктіріп, кітап оқуды насихаттау мен оқу мәдениетін дамытуға бағытталған ең ауқымды ұлттық бастамалардың біріне айналмақ.
Марафон 2026 жылғы қыркүйек айынан 2027 жылғы сәуірге дейін қазақ және орыс тілдеріндегі екі лигада өтеді. Жоба 7 бағытты қамтиды:
- «Кітап оқитын мектеп» — 6–10 сынып оқушылары;
- «Кітап оқитын колледж» — колледж студенттері;
- «Кітап оқитын университет» — жоғары оқу орындарының студенттері;
- «Кітап оқитын педагог» — мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары;
- «Кітап оқитын әулет» — отбасылық командалар;
- «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» — мемлекеттік қызметшілер;
- «Кітап оқитын зияткер» — жасына және қызмет саласына шектеу қойылмайтын барлық азаматтар.
Әр қатысушы өз бағыты бойынша арнайы іріктелген 330 кітаптан тұратын қордан 15 кітап оқуы қажет. Оның 165-і қазақ тілінде, 165-і орыс тілінде ұсынылған. Кітаптар тізіміне отандық авторлардың шығармалары, әлем классикасы және заманауи туындылар енді. Тізімді жасақтау кезінде жалпыұлттық дауыс беру қорытындысы бойынша «100 кітап» тізіміне енген шығармалар, сондай-ақ әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары жазған туындыларды қоса алғанда, әлемдік бестселлерлер де ескерілді.
Негізгі оқу кезеңі биыл қыркүйек айында басталып, 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады. Осы уақытта қатысушылар кітаптарды оқып, жеке кабинетінде пікірлерін жариялап отырады. Ал 2027 жылғы наурыз–сәуір айларында қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер өткізіледі.
Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар табысталады: 1-орын — 600 000 теңге; 2-орын — 450 000 теңге; 3-орын — 300 000 теңге.
Барлық финалист дипломдармен және электронды сертификаттармен марапатталады.
«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбековтің айтуынша, жобаның негізгі мақсаты байқаудың өзімен ғана шектелмейді.
«Бүгін біз «Кітап оқитын ұлт» алғашқы республикалық марафонына тіркелуді ашып, осылайша жасы, мамандығы мен қызығушылығы әртүрлі адамдарды кітап төңірегіне біріктіретін үлкен жалпыұлттық қозғалысқа жол ашып отырмыз.
Баршаңызды марафонға қатысуға шақырамын. Бірлесе отырып, кітап оқуды Қазақстандағы заманауи өмірдің маңызды құрамдас бөлігіне айналдыра аламыз деп сенемін. Сондай-ақ зерделі ұлттың — қуатты, білімді әрі ойлайтын ұлт екенін көрсете аламыз», — деді Бақытжан Тұрлыбеков.
Қатысу ережелері, бағыттар бойынша регламенттер және кітаптар тізімі жобаның ресми сайтында жарияланған: www.reading-nation.kz
Республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонын жүзеге асыруға жобаның бірқатар маңызды серіктестері де атсалысуда. Қазақстан Жазушылар одағы, Креативті индустрияларды дамыту қоры, KITAP және «Яндекс Кітаптар» цифрлық платформалары оқу мәдениетін дамытуға, заманауи әдеби бастамаларды қолдауға және оқырмандардың кітаппен өзара байланысуына жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал етпек.
Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
«Ауыл шаруашылығы жануарлары туралы мәліметтерді өзектендіру (түзету)» мемлекеттік көрсетілетін қызметі Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2010 жылғы 2 маусымдағы №367 бұйрығымен бекітілген Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру жөніндегі дерекқорды қалыптастыру және жүргізу, одан үзінді көшірме беру қағидаларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы №7-1/68 бұйрығымен бекітілген Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру қағидаларына сәйкес көрсетіледі.
Мемлекеттік көрсетілетін қызмет ауыл шаруашылығы жануарлары және олардың иелері туралы ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру жөніндегі дерекқорда қамтылған мәліметтерді енгізуге және өзектендіруге (түзетуге) арналған.
Мәліметтерді өзектендіру иесі туралы деректер, жануарларды ұстау орны өзгерген жағдайда, сондай-ақ қателер анықталған немесе бұрын енгізілген мәліметтерді түзету қажеттілігі туындаған кезде жүргізіледі.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы жергілікті ветеринариялық ұйымға өтінішпен жүгініп, мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету қағидаларында көзделген құжаттарды ұсынуы қажет.
Ветеринариялық ұйымның маманы өтінішті қабылдап, ұсынылған құжаттарды тексереді, содан кейін ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру жөніндегі дерекқорға тиісті өзгерістерді (түзетулерді) енгізеді.
Өтінішті қарау нәтижесі бойынша көрсетілетін қызметті алушыға ауыл шаруашылығы жануарлары туралы мәліметтердің өзектендірілгені (түзетілгені) туралы растау не Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда дәлелді бас тарту беріледі.
Мәліметтерді уақтылы өзектендіру ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру жөніндегі дерекқордағы ақпараттың дұрыстығын қамтамасыз етеді, жануарлардың қадағалануын арттыруға және Қазақстан Республикасы ветеринария саласындағы заңнамасының талаптарын сақтауға ықпал етеді.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету мәселелері бойынша анықтамалық қызметтердің байланыс телефондары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылған: www.gov.kz. Бірыңғай байланыс орталығы: 1414, 8-800-080-7777.
Бүгін Павлодар облысы ветеринария басқармасының басшысы Асылтас Тілеубаевтың төрағалығымен кеңес өтті.
Кеңеске басқарма басшысының орынбасарлары, облыстық ветеринариялық станцияның басшысы, сондай-ақ облыстың қалалары мен аудандарының ветеринариялық станцияларының басшылары қатысты.
Кеңес барысында 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы диагностикалық және профилактикалық іс-шаралар жоспарын орындау, сондай-ақ ветеринариялық мақсаттағы объектілерді сатып алуға бағытталған іс-шаралар жоспарын орындау мәселелері қаралды.
Кеңес қорытындысы бойынша басқарма басшысы қойылған міндеттерді уақтылы және сапалы орындауға бағытталған тиісті тапсырмалар берді.
Ветеринария қызметкерлері күні қарсаңында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан жерлесіміз Ұйымшыл Аймолдинге «Еңбек ардагері» мемлекеттік медалі табысталды.
Железин ауданы Майлы ауылының ветеринарлық пунктінің меңгерушісі, сала ардагері. Ұйымшыл Қайырбайұлы 42 жылдан астам уақытын өңірдегі ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және оны дамытуға, жануарлар арасындағы түрлі аурудың таралуының алдын алу жолында қажырлы еңбек етуге жұмсаған.
Ұйымшыл Аймолдин 1982 жылы Павлодар совхоз-техникумын «Ветеринария» мамандығы бойынша тәмамдаған. Ал еңбек жолын совхоздарда ветеринар-техник болып бастап, кейін жеке ветеринарлық тәжірибемен айналысқан. Сондай-ақ, Железин аудандық аумақтық басқармасында мемлекеттік ветеринарлық инспектордың жетекші маманы, кейін лицензияланған ветеринарлық фельдшер және ветеринарлық пункт меңгерушісі қызметтерін атқарған.
2015 жылдан бері Павлодар облыстық ветеринарлық станциясының Железин ауданы Озерное ауылындағы ветеринариялық пунктінде ветеринарлық фельдшер әрі ветеринарлық пункт меңгерушісінің міндетін атқарушы болып еңбек етіп келеді.
Құрметті әріптестер, ветеринария саласының қызметкерлері мен ардагерлері!
Сіздерді кәсіби мерекеміз – Ветеринариялық қызметкерлер күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Біздің мамандық – терең білімді, үлкен жүректі және ерекше төзімділікті талап ететін мәртебелі кәсіп. Ғасырлар бойы қалыптасқан «Малдың саулығы жанның саулығы» деген даналық сөз біздің атқарып жатқан жұмысымыздың қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін айқындап тұр.
Павлодар облысының ветеринариялық қауіпсіздігі мен эпизоотиялық тұрақтылығы – сіздердің күнделікті қажырлы еңбектеріңіздің, өз ісіңізге деген адалдықтарыңыздың тікелей нәтижесі. Ауа райының ыстық-суығына қарамастан, өңірдегі мал шаруашылығын дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халық денсаулығын қорғау жолында аянбай тер төгіп келесіздер. Осы жолдағы ерен еңбектеріңіз бен кәсіби біліктіліктеріңіз үшін әрқайсыңызға шынайы алғысымды білдіреміз.
Құрметті әріптестер! Әсіресе, өмірін осы салаға арнап, бүгінде жас мамандарға үлгі болып жүрген ардагерлерімізге алғысымыз шексіз. Біз сіздер салған сара жолды лайықты жалғастырып, облысымыздың ветеринария саласын жаңа деңгейге көтеру үшін аянбай еңбек ете береміз.
Осынау мерейлі күні баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке және жауапты да игілікті жұмыстарыңызға толағай табыстар тілеймін! Ел игілігі үшін атқарып жатқан еңбектеріңіз әрдайым жемісті болсын.
Кәсіби мерекеміз құтты болсын, әріптестер!
Құрметті Павлодар облысының тұрғындары!
2026 жылғы 26 маусым күні сағат 18.00-ден 20.00-ге дейін облыстық мемлекеттік органдардың басшылары «Ertis promenade» орталық жағалауында «Азаматтарды бірыңғай қабылдау күнін» өткізеді.
Өңір тұрғындары келіп, сұрақтарын қойып, кеңес ала алады, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік және медициналық көмек, жұмысқа орналасу және білім беру қызметтері, кәсіпкерлік қызмет және т. б. салаларда ұсыныстарын енгізе алады.
Әкімдіктің басқармаларымен бірге Полиция, Әділет, сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің департаменттері, «Павлодар-Водоканал» ЖШС, «Павлодар жылу желілері» ЖШС, Еңбек мобильдігі орталығының мамандарынан кеңес ала аласыздар.
Сіздерді осы іс-шараға қатысуға шақырамыз.
Бұл күн – еліміздің тәуелсіздігінің, бірлігі мен егемендігінің нышаны ретінде әрбір азаматтың жүрегінде ерекше орын алады. Мемлекеттік рәміздеріміз – Ту, Елтаңба және Әнұран – біздің ұлттық мақтанышымыз, тарихымыздың, мәдениетіміздің және болашаққа деген сеніміміздің көрінісі.
Мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеу – әрбір қазақстандықтың парызы. Оларды биік ұстау арқылы біз бірлігімізді, тәуелсіздігімізді және болашаққа деген сенімімізді нығайтамыз. Бұл күн әрқайсымызға елімізге деген мақтаныш сезімін сыйлап, ұлтжандылық рухын арттырады.
Баршаңызға денсаулық, бақыт, молшылық және әрқашан бейбіт аспан тілейміз. Қазақстанымыздың тәуелсіздігі мәңгілік болсын, Мемлекеттік рәміздеріміз әрқашан биікте желбіресін!
Мереке құтты болсын!
Өңірдегі эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында ветеринариялық қызмет 2026 жылға бекітілген жоспарларға сәйкес ветеринариялық профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар кешенін жүргізуде.
2026 жылы ауыл шаруашылығы жануарларына 1,2 млн диагностикалық зерттеу жүргізу және аса қауіпті ауруларға қарсы вакцинацияны қоса алғанда 6,1 млн астам ветеринариялық шара өткізу жоспарланған.
1 мамырдағы жағдай бойынша профилактикалық іс-шаралар жоспары 100% орындалды. Облысқа 2,9 млн дозадан астам ветеринариялық препарат жеткізілді.
Ветеринариялық нысандардың құрылысы жалғасуда. Тереңкөл ауданында, сондай-ақ Ақтоғай және Шарбақты аудандарында ветеринариялық пункттер мен мал қорымдарын салу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар ветеринариялық қызметтің автопаркін жаңарту мәселесі талқыланды. Қазіргі таңда 172 бірлік техникаға қажеттілік бар, шешімдердің бірі ретінде лизинг тетігі қарастырылуда. Жиналыстың қорытындысын шығарған Асайын Байханов қала және аудан әкімдеріне 1 шілдеге дейін ветеринариялық пункттер мен станцияларды, ал 1 қыркүйекке дейін мал қорымдарын пайдалануға беруді тапсырды.
Сондай-ақ жыл соңына дейін 2027 жылға жоспарланған ветеринариялық нысандар құрылысына арналған жер учаскелерін беру рәсімдерін аяқтау қажет.
Жұмыс сапары барысында өңір басшысы Шарбақты ауылындағы ветеринариялық пункттің құрылысымен танысты. Ауданы 50 шаршы метрден асатын жаңа нысан барлық қажетті инженерлік коммуникациялармен жабдықталады. Жобаның құны 30 млн теңгені құрайды, құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың маусым айында аяқтау жоспарланған.
Сондай-ақ Асайын Байханов құны 24,5 млн теңге болатын мал қорымының құрылыс барысымен танысты. Көлемі 90 текше метр болатын нысан ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтай отырып, биологиялық қалдықтарды қауіпсіз жоюға арналған. Құрылыс жұмыстарын осы жылдың маусым айында аяқтау жоспарланып отыр.
- Ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту - мал шаруашылығының қауіпсіздігін нығайтумен қатар, халықтың санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де маңызды. Сондықтан барлық нысандар белгіленген мерзімде пайдалануға беріліп, барлық талаптарға сай болуы керек, - деп тапсырды облыс әкімі.