"Ветеринариялық паспорт беру" мемлекеттік қызметін көрсету

3 тарау. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 30.12.2020 № 412 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  1. Мемлекеттік қызметті ветеринариялық ұйымдар көрсетеді.

      Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін жеке немесе заңды тұлға (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) ветеринариялық ұйымға не портал арқылы осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінім ұсынады.

      "Ветеринариялық паспорт беру" мемлекеттік қызметін көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі (бұдан әрі – Тізбе) осы Қағидаларға 6-1-қосымшада жазылған.

      Жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжат туралы, заңды тұлғаны тіркеу (қайта тіркеу) туралы, дара кәсіпкерді тіркеу туралы не дара кәсіпкер ретінде қызметін бастау туралы мәліметтерді ветеринариялық ұйым "электрондық үкіметтің" шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік жүйелерден алады.

      Портал арқылы өтініш берген жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы порталда өтініштің электрондық нысанын толтырады. Көрсетілетін қызметті алушы дерекқорға сұрау салу арқылы ауыл шаруашылығы жануарының жеке нөмірі, жынысы, түсі, аты, бірдейлендіру тәсілі туралы мәліметтерді дерекқордан алады. Сұрау келіп түскеннен кейін дерекқор көрсетілетін қызметті алушының дерекқорында тіркелген ауыл шаруашылығы жануарларының тізімін автоматты түрде өңдейді және қалыптастырады. Көрсетілетін қызметті алушы ауыл шаруашылығы жануарларының қалыптастырылған тізімінен ветеринариялық паспорт алу үшін ауыл шаруашылығы жануар(лар)ын таңдайды. Көрсетілетін қызметті алушы өтініштің электрондық нысанын толтырғаннан кейін өтінішке ЭЦҚ арқылы қол қояды және ветеринариялық паспортты алу үшін портал арқылы ветеринариялық ұйымға жібереді.

      Портал мен ақпараттық жүйелердің ақпараттық өзара іс-қимылы "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 43-бабына сәйкес жүзеге асырылады.

      Көрсетілетін қызметті алушы Тізбеде көзделген құжаттар топтамасын толық ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған жағдайларда, ветеринариялық ұйым өтінішті қабылдаудан бас тартады.

      Ескерту. 31-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 02.02.2023 № 48 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      31-1. Ветеринариялық ұйымның жұмыскері келіп түскен күні өтінішті тіркеуді жүзеге асырады және оны ветеринариялық ұйымның жауапты қызметкерін тағайындайтын ветеринариялық ұйымның басшысына жібереді.

      Көрсетілетін қызметті алушы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген жағдайда, өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру одан кейінгі жақын жұмыс күні жүзеге асырылады.

      Ветеринариялық ұйымда қағаз жеткізгіштегі өтініштің көшірмесіндегі күні мен уақыты көрсетілген тіркеу туралы белгі оның қабылданғанын растау болып табылады.

      Көрсетілетін қызметті алушы портал арқылы жүгінген жағдайда, көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетінде" мемлекеттік қызметті көрсету үшін сұранымның қабылданғаны туралы мәртебе, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесін алу күні мен уақыты көрсетілген хабарлама көрсетіледі.

      Ескерту. Қағидалар 31-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 30.12.2020 № 412 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен; жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 02.02.2023 № 48 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      31-2. Ветеринариялық ұйымның жауапты қызметкері өтінішті тіркеген сәттен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде оның толықтығын және осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігін тексереді, сондай-ақ дерекқордағы ауыл шаруашылығы жануарының жеке нөмірін тексереді.

      Көрсетілетін қызметті алушы толық емес мәліметтерді көрсете отырып не Тізбенің 9-тармағында көрсетілген негіздер бойынша өтініш ұсынған жағдайда, ветеринариялық ұйымның жауапты қызметкері осы Қағидаларға 6-2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден уәжді бас тартуды рәсімдейді және көрсетілетін қызметті алушыға жібереді.

      Ескерту. Қағидалар 31-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 30.12.2020 № 412 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен; жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 02.02.2023 № 48 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      31-3. Көрсетілетін қызметті алушы толық мәліметтерді көрсете отырып өтініш берген жағдайда, сондай-ақ мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тартуға негіздер болмаған кезде ветеринариялық ұйымның жауапты қызметкері осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ветеринариялық паспортты ресімдейді.

      Ветеринариялық паспортты және ондағы мәліметтерді ветеринариялық ұйымның жауапты қызметкері дерекқорда электрондық түрде қалыптастырады және ветеринариялық ұйымның уәкілетті адамының ЭЦҚ-мен куәландырылады.

      Көрсетілетін қызметті алушы көрсетілетін қызметті беруші арқылы жүгінген жағдайда, ветеринариялық паспорт дерекқордан басып шығарылады және көрсетілетін қызметті алушыға беріледі.

      Көрсетілетін қызметті алушы портал арқылы жүгінген жағдайда, көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" ветеринариялық паспорт немесе ветеринариялық ұйымның уәкілетті адамының ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық құжат нысанында мемлекеттік қызметті көрсетуден уәжді бас тарту жіберіледі.

      Ескерту. Қағидалар 31-3-тармақпен толықтырылды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 30.12.2020 № 412 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен; жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 02.02.2023 № 48 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  1. Ауыл шаруашылығы жануарларына ветеринариялық паспорт жеке беріледі. Көрсетілетін қызметті алушының таңдауы бойынша ветеринариялық паспортты ұсақ мал мен шошқалар тобына (отарына) беруге жол беріледі.

      Ветеринариялық паспорттың нөмірі осы Қағидалардың 3, 4, 5 және 5-1-тармақтарында көрсетілген ауыл шаруашылығы жануарларының жеке нөміріне сәйкес келеді.

      Ұсақ мал мен шошқалар тобына (отарына) ветеринариялық паспорт беру кезінде ветеринариялық паспорттың нөмірінде осы Қағидалардың 3 және 5-тармақтарында көрсетілген ауыл шаруашылығы жануарларының тиісті түрінің жеке нөмірінің алғашқы төрт символы және топтағы (отардағы) ауыл шаруашылығы жануарларының саны көрсетіледі. Ветеринариялық паспортқа әрбір ауыл шаруашылығы жануарлары тобының (отарының) жеке нөмірлері енгізіледі.

      Ескерту. 32-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 02.02.2023 № 48 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      33. Алып тасталды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 02.02.2023 № 48 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  1. Ауыл шаруашылығы жануарына жүргізілген ветеринариялық дауалау және диагностикалық зерттеулер туралы мәліметтер және ауыл шаруашылығы жануары туралы басқа да мәліметтер (ауыл шаруашылығы жануарының жынысы, түсі, жасы, қосымша белгілері) дерекқорға енгізіледі.

      Ескерту. 34-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 30.12.2020 № 412 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  1. Ветеринариялық паспорт деректерін кейіннен жаңарту ветеринариялық іс-шараларды жүргізу, иесін ауыстыру, ауыл шаруашылығы жануарын бір әкімшілік-аумақтық бірліктен екінші әкімшілік-аумақтық бірлік аумағына орнын ауыстырған және басқа жағдайларда жүзеге асырылады.
  2. Ауыл шаруашылығы жануарлары шығарылған кезде ветеринариялық паспорт ауыл шаруашылығы жануарының жаңа иесіне беріледі. Ауыл шаруашылығы жануары межелі пунктке келгеннен кейін ауыл шаруашылығы жануарының бар жеке нөмірі өзгертілмей, ветеринариялық паспорт ресімделеді.

      Ұсақ мал мен шошқа тобының (отарының) бір бөлігі шығарылған кезде ұсақ мал мен шошқа тобына (отарына) қағаз нысанда ресімделген ветеринариялық паспорт болған жағдайда, жаңа иесіне ветеринариялық паспорттан үзінді-көшірме беріледі. Ұсақ мал мен шошқа межелі пунктке келгеннен кейін ауыл шаруашылығы жануарының бар жеке нөмірі өзгертілмей, ветеринариялық паспорт ресімделеді.

      Тиісті мәліметтер дерекқорға енгізіледі.

      Ескерту. 36-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 02.02.2023 № 48 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  1. Ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңында (сою бойынша алаң), сою пунктінде және етті қайта өндіру кәсіпорнында сойғаннан кейін сою алаңының (сою бойынша алаң), сою пунктері мен етті өңдеу кәсіпорындарының ветеринариялық дәрігерлері, ветеринариялық паспорттар мен ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарды (құралдарды) тиісті әкімшілік-аумақтың бірліктің жергілікті атқарушы органдары құрған ветеринариялық ұйымдарға тізімдеме бойынша береді, ал жеке тұтынуға арналған ауыл шаруашылығы жануарларын сойған кезде – иелері тапсырады.

      Ескерту. 37-тармаққа орыс тілінде өзгеріс енгізілді, мемлекеттік тілдегі мәтін өзгермейді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 02.02.2023 № 48 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  1. Жануар өлген жағдайда, сондай-ақ осы Қағидалардың 29-тармағында көзделген жағдайлар туындаған кезде ветеринариялық паспорттарды және ауыл шаруашылығы жануарын бірдейлендіруге арналған бұйымдарды (құралдарды) жергілікті атқарушы органдардың бөлімшелеріне тиісті ақпаратты жолдай отырып, ветеринариялық ұйымдар жояды.

      Ескерту. 38-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 30.12.2020 № 412 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  1. Қағаз нысанда ресімделген ветеринариялық паспорт жоғалған немесе бүлінген кезде осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен ветеринариялық паспорт беріледі. Қағаз нысанда ресімделген жоғалған, бүлінген ветеринариялық паспорттар ауыл шаруашылығы жануарларының иелері осы Қағидалар 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш берген күннен бастап жарамсыз деп есептеледі.

      Ескерту. 39-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 02.02.2023 № 48 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      39-1. Берілген ветеринариялық паспортта көрсетілген деректер (мәліметтер) өзгерген кезде көрсетілетін қызметті алушының өтініші негізінде осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен жаңа ветеринариялық паспорт беріледі.

      Ескерту. 3-тарау 39-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 02.02.2023 № 48 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  1. Ұсақ мал (отарына), шошқа тобына ресімделген ветеринариялық паспорттан үзінді-көшірме алу қажет болған жағдайда көрсетілетін қызметті алушы ветеринариялық ұйымға не портал арқылы осы Қағидаларға 8-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш ұсынады.

      Ветеринариялық ұйымның жауапты қызметкері отыз минут ішінде өтінішті қарайды және осы Қағидаларға 9-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ветеринариялық паспорттан үзінді-көшірмені не осы Қағидаларға 6-2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден уәжді бас тартуды береді.

      Ескерту. 40-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 24.05.2023 № 197 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      40-1. Мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту Тізбенің 9-тармағында көрсетілген негіздер бойынша жүзеге асырылады.

      Ескерту. Қағидалар 40-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 30.12.2020 № 412 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен; жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 02.02.2023 № 48 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      40-2. Ветеринариялық ұйым Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңның 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес мемлекеттік қызмет көрсету сатысы туралы деректерді мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне енгізуді қамтамасыз етеді.

      Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы ақпаратты Бірыңғай байланыс орталығына жібереді.

      Министрлік осы Қағидаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы нормативтік құқықтық акті бекітілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы ақпаратты "электрондық үкіметтің" көрсетілетін қызмет берушіге, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның операторына және Бірыңғай байланыс орталығына жібереді.

      Ескерту. Қағидалар 40-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 30.12.2020 № 412 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен; жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 02.02.2023 № 48 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

4-тарау. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша ветеринариялық ұйымдардың және (немесе) олардың лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі

      Ескерту. Қағидалар 4-тараумен толықтырылды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 30.12.2020 № 412 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  1. Ветеринариялық ұйымның мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым ветеринариялық ұйымның, жергілікті атқарушы орган басшысының атына, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға беріледі.

      Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚР ӘРПК) 91-бабы 4-тармағына сәйкес шағым келіп түскен жағдайда, ветеринариялық ұйым оны келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде шағымды қарайтын органға жібереді. Ветеринариялық ұйым шағымды қарайтын органға шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын қолайлы акт қабылданған, әкімшілік іс-әрекет жасалған жағдайда шағымды жібермейді.

      Ескерту. 41-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 02.02.2023 № 48 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  1. Көрсетілетін қызметті алушының шағымы Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңның 25-бабының 2-тармағына сәйкес:

      ветеринариялық ұйым, жергілікті атқарушы орган – оны тіркеген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде;

      мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган – ол тіркелген күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қарауға жатады.

  1. Ветеринариялық ұйымның, жергілікті атқарушы органның, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның шағымды қарау мерзімі Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңның 25-бабының 4-тармағына сәйкес:

      1) шағым бойынша қосымша зерделеу немесе тексеру не жергілікті жерге барып тексеру жүргізу;

      2) қосымша ақпарат алу қажет болған жағдайларда 10 (он) жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылады.

      Шағымды қарау мерзімі ұзартылған жағдайда шағымдарды қарау бойынша өкілеттіктер берілген лауазымды адам шағымды қарау мерзімі ұзартылған кезден бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде шағым берген көрсетілетін қызметті алушыға ұзарту себептерін көрсете отырып, шағымды қарау мерзімінің ұзартылғаны туралы жазбаша нысанда (шағым қағаз жеткізгіште берілген кезде) немесе электрондық нысанда (шағым электрондық түрде берілген кезде) хабарлайды.

  1. Егер заңда өзгеше көзделмесе, ҚР ӘРПК-нің 91-бабы 5-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі.

      Ескерту. 44-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 02.02.2023 № 48 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

"Ветеринариялық паспорт беру" мемлекеттік қызметін көрсету
Дата публикации
05 сентября 2025