
Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды.
Ақы төленетін мемлекеттік лауазымды атқаратын және заңнамаға сәйкес мемлекеттің міндеттері мен функцияларын іске асыру мақсатында мемлекеттік органның атынан лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы мемлекеттік қызметші болып табылады.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің осы Әдеп кодексі (Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары) (бұдан әрі – Кодекс) Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес 2015 жылғы 29 желтоқсанда қабылданды.
Мемлекеттік қызметшілер:
- Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал ету, мемлекеттік және басқа тілдерге, Қазақстан халқының салт-дәстүрлеріне құрметпен қарау;
- адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға;;
- өздері қабылдайтын шешімдердің заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз етуге міндетті;
- жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын шешімдерді қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз ету;
- мемлекет мүддесіне нұқсан келтіретін, мемлекеттік органдардың жұмыс істеу тиімділігіне кедергі жасайтын немесе тиімділігін төмендететін іс-әрекеттерге қарсы тұру;
- қызметтік міндеттерін тиімді атқару үшін өзінің кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттыруға, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауға міндетті;
- өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмау, сынағаны үшін қудалауға жол бермеу, орынды сынды кемшіліктерді жою мен өзінің қызметін жақсарту үшін пайдалану;
- жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, мемлекеттік қызметшілер мен өзге де адамдардың қызметіне ықпал ету үшін өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбауға;;
- шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға;
- мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуге, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті, автокөлік құралдарын қоса алғанда, ұтымды, тиімді және тек қызметтік мақсатта ғана пайдалануға;
- қызметтік тәртіпті бұлжытпай сақтауға, өзінің қызметтік міндеттерін адал, бейтарап және сапалы атқаруға, жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдалануға;;
- Мемлекеттік қызметтерді тұтынушы ретінде халықтың сұранысына толықтай бейімделе отырып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бойынша тұрақты негізде шаралар қабылдау ; ;
- жасағаны үшін заңнамада тәртіптік, әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық көзделген құқық бұзушылықтар мен теріс қылықтарды жасауға жол бермеуге;
- іскерлік әдепті және ресми мінез-құлық қағидаларын сақтауға міндетті.
Мемлекеттік қызметшілердің сырт келбеті олардың қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуге, іскерлікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпы қабылданған іскерлік талаптарына сай болуға тиіс.
Мемлекеттік қызметшілер қызметтік жағдайларын және онымен байланысты мүмкіндіктерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың мүдделеріне, оның ішінде өзінің оларға көзқарасын насихаттау үшін пайдаланбауға тиіс.
Мемлекеттік қызметшілер, оның ішінде басшы лауазымдарды атқаратындар, ұжымда өз діни көзқарасын ашық көрсете алмайды, бағынысты қызметшілерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне қатысуға мәжбүрлей алмайды.
Мемлекеттік қызметшілер әріптестерімен қызметтік қарым-қатынаста:
- ұжымда іскерлік және тілектестік өзара қарым-қатынасты әрі сындарлы ынтымақтастықты орнату мен нығайтуға ықпал ету;
- басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан қызметтік әдеп нормаларын бұзудың жолын кесуге немесе оларды болдырмау жөнінде өзге шаралар қабылдауға міндетті;
- ұжымда әріптестерінің ар-намысы мен абыройына кір келтіретін жеке және кәсіби қасиеттерін талқылаудан аулақ болу керек;
- әріптестерінің өз лауазымдық міндеттерін орындауына кедергі келтіретін әрекеттерге (әрекетсіздікке) жол бермеуге міндетті.
Мемлекеттік орган қызметінің мәселелері бойынша көпшілік алдында сөйлеуді оның басшысы немесе мемлекеттік органның бұған уәкілеттік берілген лауазымды адамдары жүзеге асырады.
Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмей, пікірсайысты әдепті түрде жүргізуге тиіс.
Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік саясат және қызметтік ісінің мәселелері жөніндегі өз пікірін, егер ол:
- мемлекет саясатының негізгі бағыттарына сәйкес келмесе;
- жариялауға рұқсат етілмеген қызметтік ақпаратты ашса;
- мемлекеттің лауазымды тұлғаларының, мемлекеттік басқару органдарының, басқа да мемлекеттік қызметшілердің атына әдепке жат сөздер айтудан тұрса, көпшілік алдында білдіруіне болмайды.
Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтауы саласындағы заңнамадағы жаңалықтардың бірі Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен (Әдеп кодексімен бір мезгілде) бекітілген Әдеп жөніндегі уәкіл туралы ереже болды.
Әдеп жөніндегі уәкіл өз құзыреті шегінде мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасының және Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсету жөніндегі функцияларды жүзеге асырады, мемлекеттік қызметшілердің заңдарда белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауына ықпал етеді, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілері бойынша Әдеп жөніндегі уәкіл туралы Ережеге сәйкес жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін және басқа да функцияларды қарайды.