
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 7-1/68 бұйрығымен бекітілген «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидаларына» сәйкес жүргізіледі.
Бірдейлендіру рәсімі жануарларға жеке нөмір беруді (сырғалау, таңба басу/чип салу, татуровкалау тәсілдерінің бірімен), жануар және оның иесі туралы мәліметтерді ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорға енгізуді және ветеринариялық паспорт беруді қамтиды.
Ауыл шаруашылығы жануарларының төлдерін бірдейлендіру бұзаулар, қозылар, лақтар, боталар үшін туған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін, құлындар үшін чиптеу кезінде туған күнінен жеті күн өткеннен кейін, ал таңбалау кезінде төрт айлық жасынан бастап он төрт жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіліп, ветеринариялық паспорт беріледі.
Бірдейлендіру шаралары жануар иелерінің жергілікті жердегі ветеринариялық пунктке берген өтініштері негізінде жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, жеке және заңды тұлғалар ҚР «Ветеринария туралы» Заңының 25-бабының 5)-тармақшасына сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді қамтамасыз етуге, 6)-тармақашсына сәйкес жаңадан сатып алынған жануар, алынған төл, оның сойылғаны немесе сатылғандығы туралы жергілікті жердегі ветеринариялық ұйымдарға хабарлауға міндетті болып табылады.
Аталған шараларды орындамағаны үшін ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 406 бабына сәйкес жауапкершілік қарастырылғандығын ескертеміз!