Әлеуметтік кәсіпкерлік
Ағымдағы жылы әлеуметтік кәсіпкерлік деген жаңа ұғым енгізілді, Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес әлеуметтік кәсіпкерлік азаматтар мен қоғамның әлеуметтік проблемаларын шешуге ықпал ететін әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің кәсіпкерлік қызметі болып табылады.
Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілген жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар (ірі кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.
Қазіргі уақытта Павлодар облысында жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды (ірі кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізу мәселелерін қарау бойынша арнайы комиссия құрылды.
Арнайы комиссия мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық бірлестіктер мен кәсіптік одақтардың өкілдерінен тұрады.
Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі бұл әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар туралы мәліметтерді қамтитын электрондық дерекқор.
ҚР заңнамасына сәйкес әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері тек 4 санат бола алады:
1-санатқа азаматтардың мынадай санаттарын жұмыспен қамтуға ықпал ететін әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері жатады:
- мүгедектер;
- мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар немесе заңды өкілдер;
- зейнеткерлер мен зейнеткерлік жас алдындағы азаматтар (жас келгенге дейін 5 жас);
- балалар ауылдарының тәрбиеленушілері немесе жетім балаларға немесе 29 жасқа дейін ата-аналарының қамқорынсыз қалған балаларға арналған балалар үйлерінің, мектеп-интернаттардың түлектері;
- қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінен жазасын өтеуден босатылған адамдар ( босатылғаннан кейін 12 ай ішінде);
- белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар;
- аз қамтылған, көп балалы немесе толық емес отбасыларға жататын ата-аналар және басқа да өкілдер, соның ішінде «Алтын Алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналар;
- наркологиялық ауруханаларда медициналық-әлеуметтік оңалтудан немесе психобелсенді заттарға тәуелді емдеуден өткен адамдар (оңалту жүргізілгеннен кейін 12 ай ішінде);
- кандастар.
2-санатқа жоғарыда аталған санаттардағы азаматтарға арналған өндірілетін тауарларды, орындалатын жұмыстарды өткізуге, қызметтерді көрсетуге ықпал ететін әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері жатады.
3-санатқа жоғарыда аталған санаттардағы азаматтарға арналған тауарларды өндіру, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету бойынша қызметті жүзеге асыратын әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері жатады.
4-санатқа мынадай қызмет түрлерінің ішінен қызметін жүзеге асыратын әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері жатады:
-психологиялық-педагогикалық және өзге де қызметтер көрсету бойынша;
- балалардың демалысын және сауықтырылуын ұйымдастыру бойынша;
- мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыру бойынша;
- мүмкіндігі шектеулі балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету бойынша;
- әлеуметтік бағдарланған коммерциялық емес ұйымдардың жұмыскерлері мен еріктілерін (волонтерлерін) оқыту бойынша;
-мәдени-ағарту қызметі (оның ішінде жеке музейлердің, театрлардың, кітапханалардың, мұрағаттардың, мектеп-студиялардың, шығармашылық шеберханалардың, ботаникалық және зоологиялық бақтардың, мәдениет үйлерінің, халық шығармашылығы үйлерінің қызметі);
- қоршаған ортаны қорғау бойынша.
ӘКС тізіліміне енгізілгеннен кейін одан әрі мынадай мемлекеттік қолдау алады:
- әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін қолдау инфрақұрылымының болуын қамтамасыз ету;
Анықтама. Өз ісін ұйымдастыруға жәрдемдесу, құқық, маркетинг, инжиниринг және менеджмент саласында ақпарат беру, кәсіпкерлікті қолдау орталықтары, бизнес-инкубаторлар және индустриялық-инновациялық инфрақұрылым элементтері арқылы коммерциялық негізде материалдық-техникалық, қаржылық және басқа да ресурстармен қамтамасыз етуде қолдау көрсету.
- салықтық жеңілдіктер беру;
Анықтама. Әлеуметтік осал топтардағы жұмыскерлерді оқытуға ақы төлеуге жұмсалған шығыстар мөлшерінде салық салынатын кірісті азайту, бірақ салық кезеңі үшін бір жұмыскерге АЕК-тің 120 еселенген мөлшерінен аспайды.
- әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне қаржылық қолдау көрсету (оның ішінде екінші деңгейдегі банктер беретін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауды ұсыну шеңберінде және мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) төлеуге);
Анықтама. БЖК-2025 аясындағы қаржылық қолдау: субсидиялау, кепілдендіру, инфрақұрылым жүргізу, мемлекеттік гранттар ұсыну және т. б.
- мемлекеттік мүлікті сатып алу құқығынсыз жеңілдікті шарттармен мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру;
Анықтама. Тендерлік негізде жүзеге асырылады. Жалға беруші тендер жариялайды, қатысушылар өтінімді баға ұсынысымен тіркейді. Объект үшін жалдау ақысының ең жоғары сомасын ұсынған тендерге қатысушы жеңімпаз болып танылады.
- әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне ақпараттық қолдау көрсету;
Анықтама. Оқу семинар-тренингтерін және ғылыми-практикалық конференцияларды, шетелдік тағылымдамаларды ұйымдастыру, әдістемелік құралдарды, ақпараттық бюллетеньдерді тарату, ақпараттық, консалтингтік орталықтар желісін құру және т. б.)
- әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне консультациялық және әдістемелік қолдау көрсету, акселерациялық бағдарламалар арқылы дамыту (оның ішінде қаражат тарту, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қатысу мәселелері бойынша).
Анықтама. Акселерациялық бағдарламалар-оқыту және сараптамалық қолдау арқылы ШОК-ты қарқынды дамыту және ілгерілету бағдарламалары. БЖК-2025 4-бағыты шеңберінде жүзеге асырылады (кәсіпкерлікті қолдаудың қаржылық емес шараларын ұсыну: кәсіпкерлікті ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету, кәсіпкерлердің құзыреттерін дамыту, кәсіпкерлердің өнімділігін арттыру, іскерлік байланыстарды кеңейту).
- іскерлік әріпестер іздестіруде аймақаралық ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу (оның ішінде іскерлік іс-шаралар өткізу, сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің көрсетілген іс-шараларға қатысуын қамтамасыз ету арқылы);
Анықтама. Кәсіпкерлер палатасы іскер әріптестер іздестіруде аймақаралық ынтымақтастықты дамытуға көмек көрсетеді.
- кәсіптік білім беруді және қосымша білім беруді ұйымдастыру;
Анықтама. ШОБ субъектілері үшін мамандар мен персоналды оқытуды, даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру.
- экономика салаларында әлеуметтік маңызы бар жобаларды ұйымдастыру және іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру.
Анықтама. БЖК-2025 аясындағы мемлекеттік гранттар.
Жыл сайын 10 қаңтарға дейін және тоқсан сайын, күнтізбелік тоқсанның алдындағы айдың 1-15 аралығында жеке кәсіпкерді немесе заңды тұлғаны (ірі кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда) тізілімге енгізуге өтініштер қабылдау жүзеге асырылады.
Өтінімдерді қабылдау жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның тіркелген жері (заңды мекенжайы) бойынша елді мекенде жүзеге асырылады.
Барлық сұрақтар бойынша Павлодар облысының кәсіпкерлік және индустриалық-инновациялық даму басқармасына Астана көшесі, 61, 112 каб, тел.87182 323321 хабарласуға болады.