
"Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 4-бабының 1-тармағына сәйкес тауар таңбаларын құқықтық қорғау оларды осы Заңда белгіленген тәртіппен тіркеу негізінде, сондай-ақ халықаралық шарттарға орай тіркеусіз беріледі.
Осылайша, жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, Тауар белгісі - бір заңды немесе жеке тұлғалардың тауарларын (көрсетілетін қызметтерін) басқа заңды немесе жеке тұлғалардың біртекті тауарларынан (көрсетілетін қызметтерінен) ажырату үшін қызмет ететін, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген немесе Қазақстан Республикасы қатысатын халықаралық шарттарға орай тіркеусіз қорғалатын белгі.
Тауар таңбасына өтінімді жасау, ресімдеу және қарау ережесінің 3-тармағына сәйкес сөздік белгілерге сөздер; сөздік сипаты бар әріптердің тіркестері; сөз тіркестері; сөйлемдер; тілдің басқа бірліктері, сондай-ақ олардың тіркестері жатады. Мұндай тауар белгілерінің мысалдары әлемге әйгілі Coca-COLA, SPRITE, SONY, TOYOTA брендтері болып табылады. Сөздік тауар белгісі сөздіктен алынған немесе жаңадан пайда болған, қиял сөзі немесе сөз тіркесі болуы мүмкін.
Тауар белгісін тіркеу үшін өтініш беруші "Ұлттық зияткерлік меншік институты" РМҚК-ға өтінімді пошта немесе факсимильді байланыс арқылы үш данада беруі қажет. Егер өтінім факсимильдік байланыс арқылы берілсе, онда ол факсимильдік байланыс арқылы өтінім келіп түскен күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қағаз жеткізгіштегі түпнұсқасымен расталады. Тауар таңбасына өтінімге осыған уәкілеттік берілген лауазымды адам не дара кәсіпкер қол қоюға тиіс. Егер өтінім патенттік сенім білдірілген өкіл арқылы берілсе, онда өтінім материалдарына оған сенімхат қоса берілуге тиіс.
Заңның 10-бабына сәйкес тауар белгісінің басымдығы сараптама жасау ұйымына өтінім берілген күн бойынша белгіленеді. Егер өтінім беру көрсетілген күннен бастап алты ай ішінде жүзеге асырылған болса, басымдық 1883 жылғы 20 наурыздағы Өнеркәсіптік меншікті қорғау жөніндегі Париж конвенциясына қатысушы елде тауар белгісіне бірінші өтінім берілген күн бойынша да белгіленуі мүмкін (конвенциялық басымдық). Мұндай басымдықты берудің негізгі шарты бастапқыда берілген елдің ішкі заңнамасына сәйкес Ұлттық өтінімді дұрыс ресімдеу болып табылады.
"Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы" заңда сондай-ақ халықаралық көрмеде экспонатты ашық көрсету басталатын күн бойынша белгіленетін көрме басымдығы көзделген. Алайда, сараптамалық тәжірибеде көрме басымдығымен өтінім беру өте сирек жағдай.
Құқықтық қорғау тұрғысынан Қазақстан Республикасы жақсы құқықтық базамен қамтамасыз етілген. Қазақстанда тіркелген тауар белгілерін қорғаудың жеткілікті тиімді әдістері бар. Ең алдымен, осы жұмыспен тікелей айналысатын ресми органдар,атап айтқанда Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік құқықтары жөніндегі комитеті, өңірлік әділет басқармалары, ал олардың құрамында зияткерлік меншік жөніндегі бөлімдер бар. Бұл жұмысты Қаржы полициясы мен кеден сияқты органдар да жүргізеді.
Бірнеше жылдар бойы мемлекеттік органдар тауар белгілерін қорғау мәселесінде өте белсенді ұстанымға ие болды.
"Ұлттық зияткерлік меншік институты" РМҚК тауар таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары қызметі тауар таңбасына өтінімге сараптама жүргізумен тікелей айналысады.
Заңның 4-бабында тауар таңбасына құқық куәлікпен куәландырылатыны және тауар таңбасы иесінің куәлікте көрсетілген тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге қатысты өзіне тиесілі тауар таңбасын пайдалануға және оған билік етуге айрықша құқығы бар екені белгіленген.
Тауар белгісін тіркеу өтінім берілген күннен бастап он жыл бойы қолданылады және көрсетілген мерзім келесі он жылға шектеусіз рет ұзартылуы мүмкін.
Алайда, тіркеудің қолданылу мерзімі өткен тауар белгісін тіркеудің қолданылуы тоқтатылған күннен бастап бір жыл ішінде кәсіпкерлік қызметпен айналысатын басқа заңды/жеке тұлғаға тіркеуге болмайды. Аталған мерзім "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 2 наурыздағы N 237 Заңына сәйкес қолданылады. Тауар таңбасын бұрын қайта тіркеу тіркеудің қолданылуы тоқтатылған күннен бастап үш жыл ішінде жүргізіле алмады.
Жоғарыда айтылғандар Қазақстан Республикасының аумағында тауар белгілерін тіркеу рәсімінің қысқаша сипаттамасы болып табылады.
Қазақстан Республикасының аумағында тауар белгілерін құқықтық қорғауды ұсынудағы негізгі сәттер осындай.
Тереңкөл ауданаралық Әділет басқармасы