
1. 1. Зейнетақы жинақтарын БЖЗҚ-дан басқарушы компанияға беру қалай жүзеге асырылады?
Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру үшін салымшы алдымен ИПБ-ны таңдап, содан кейін белгіленген нысан бойынша өтініш береді.
Өтінішті enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте немесе invest.enpf.kz интернет-платформасында электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып, сондай-ақ БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне барып беруге болады.
Жеке кабинетте салымшы, сондай-ақ
· ИПБ-ға/ҚРҰБ-қа беруге немесе қайтаруға қолжетімді соманы тексере алады;
· ИПБ-ны таңдау (өзгерту) туралы немесе ИПБ-ның сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтарын ҚРҰБ-тың сенімгерлік басқаруына қайтару туралы өтініш беру ережелері және талаптарымен таныса алады;
· ИПБ-ны таңдау (өзгерту) туралы немесе ҚРҰБ-қа қайтару туралы өтініш беріп, оның мәртебесін қадағалай алады;
· басқа да қолжетімді зейнетақы қызметтерін пайдалана алады.
Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға аудару туралы берілген өтініштің мәртебесін сайттағы жеке кабинеттен немесе БЖЗҚ-ның мобильді қосымшасынан бақылауға болады.
ИПБ-ға аударуға өтініш беру және оларды БЖЗҚ-да өңдеу рәсімдері толық автоматтандырылған. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға нормативтік-құқықтық актілерде белгіленген мерзім ішінде береді.
Бұл ретте зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екіншісіне аудару немесе оларды ҚРҰБ-тың басқаруына қайтару алғашқы аударылған күннен бастап кемінде бір жыл өткен соң жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Салымшылар зейнетақы активтерін басқару туралы толық ақпаратты қайдан алып, басқарушы компаниялардың қызмет нәтижелерін қалай бақылай алады?
БЖЗҚ – барлық салымшылар үшін бірыңғай есепке алу және ақпараттық орталық, сондай-ақ активтерді кім басқаратынына қарамастан (ҚРҰБ және/немесе салымшы таңдаған ИПБ) олардың жеке зейнетақы шоттарының операторы.
БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқаруға байланысты қолжетімді қызметтер мен сервистерді ұсынады. Азаматтардың зейнетақы жинақтары, оның ішінде инвестициялық табыс ескерілген ақпарат enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасында 24/7 режимінде берілетін үзінді көшірмелерде толық көрсетіледі.
Әр басқарушының инвестициялық қызметі туралы ақпарат enpf.kz сайтындағы «Статистика және талдау» – «Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару» бөлімінде тұрақты түрде жаңартылып отырады.
Сонымен қатар, БЖЗҚ салымшылары үшін invest.enpf.kz ақпараттық интернет-платформасы жұмыс істейді. Бұл – барлық басқарушылардың (ҚРҰБ пен ИПБ) активтерді басқару нәтижелерін өзара салыстыруға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық ресурс. Invest.enpf.kz платформасы инвестициялық табыстылық туралы ақпаратқа қол жеткізуге, белгіленген кезең аралығындағы басқарушылар мен олардың инвестициялық портфельдері бойынша деректерді салыстыруға және инвестициялық шешімдерді саналы түрде қабылдауға мүмкіндік береді.