
1) 2026 жылы БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдерінің мөлшері қалай өзгерді?
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін зейнетақы төлемдері зейнетақы төлемдерін бұрыннан алып жүрген зейнеткерлер үшін 5 пайызға ұлғаяды.
Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы қаулысымен бекітілген Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу әдістемесіне сәйкес жүзеге асырылады. Аталған әдістемеге сәйкес, зейнетақы төлемдерін алғаш рет ала бастайтын азаматтар үшін ай сайынғы төлем мынадай тәртіппен есептеледі: зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жинақтарын төлеу мөлшерлемесі — 6,5 пайызға көбейтіліп, 12 айға бөлінеді. Кейінгі жылдары ай сайынғы төлем мөлшері зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшерлемесіне сәйкес 5 пайызға арттырылып отырады. Бұл ретте БЖЗҚ-дан жүзеге асырылатын ай сайынғы зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің (ЕТК) кемінде 70 пайызына тең. 2026 жылғы ең төменгі күнкөріс деңгейі - 50 851 теңге.
Әдістемеде төменде көрсетілген санаттарға жататын азаматтар үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу кезінде қолдануға болатын арттырушы түзету коэффициенттері көзделген:
БЖЗҚ-дан берілетін төлемдер жеке зейнетақы шотындағы қаражат толық таусылғанға дейін жүзеге асырылады.
2) 2026 жылы жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының (ЖМЗЖ) мөлшерлемесі қандай?
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының (ЖМЗЖ) мөлшерлемесі қызметкер табысының 3,5%-ына дейін ұлғайтылды (ЖМЗЖ мөлшерлемесі кезең-кезеңімен өсіп келеді: 2024 жылы – 1,5%, 2025 жылы – 2,5%, 2026 жылы – 3,5%, 2027 жылы – 4,5%, 2028 жылы – 5%).
Еске саламыз, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі жаңа құрамдас бөлік – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарымен (ЖМЗЖ) толықтырылды. Қабылданған өзгерістерге сәйкес, әрбір жұмыс беруші қызметкер табысынан ұсталатын міндетті 10% зейнетақы жарналарынан бөлек, өз қаражаты есебінен 1975 жылғы 1 қаңтардан кейін туған қызметкерлерінің пайдасына қосымша жарналар аударуға міндетті. ЖМЗЖ есептелетін табыс сомасы ең төменгі жалақы мөлшерінен (ЕТЖМ) кем болмауы және тиісті жылға белгіленген 50 еселенген ЕТЖМ-нан аспауы тиіс.
Жұмыс беруші зейнет жасындағы адамдар, I және II топтағы мерзімсіз мүгедектігі бар тұлғалар, әскери қызметшілер, сондай-ақ 1975 жылғы 1 қаңтарға дейін туған азаматтар үшін ЖМЗЖ төлеуден босатылады.