
Жеке шаруасын жүргізіп, табысты жұмыс істеп келе жатқан кәсіпкерлердің бірі – Маралды ауылының тұрғындары ағайынды Қанат және Құттымұрат Жұмаділдаевтар. 2009 жылы Өзбекстан Республикасынан көшіп келген болатын. Алғашқы қоныстанған жері де осы Маралды ауылы. Содан бері осы өлкені құтты қонысына айналдырған.
Апта басында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының директоры Баян Омаровамен бірге Маралды ауылында болып, кәсіпкерлермен кездестік.
Бүгінде мал және бау-бақша кәсібімен шұғылданады. Үйлерінің жанындағы бақшасын толығымен игіліктеріне арнаған. Жеміс-жидектің сан алуан түрін өсіреді. Картоп та салады. Алған өнімдерін өздері тұтынып, артылғанын Павлодар қаласындағы базарларға шығарып сатады. Бұл олардың жылдағы кәсібі.
Екінші кәсіптері – қымыз сату. Бес биесі бар. Бабаларымыз «Бір бие – үйдің асы, екі бие елдің – асы» деген болатын. Яғни екі биеден сауылған қымыз өзінен артылып, өзгеге де жетеді. Соңғы жылдары бие байлап, қымыз сатуды дағдылы әсіне айналдырған ағайынды кәсіпкерлер бүгінде мұның да қыр-сырын меңгерген. Күніне әр биеден 5 литр қымыз сауылады екен. Әр литрінің бағасы – 800 теңге.
Баян Омарова жергілікті атқарушы орган тарапынан кәсіпкерлерге үнемі қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті. Таяуда ғана Қанат пен Құттымұрат «Бастау – бизнес» жобасы бойынша оқып, әрқайсысы 580 мың теңгенің грантына ие болған екен.
-Кәсіптері ширақ. Еңбекқор азаматтар. Жердің де, бие байлап, жылқының да игілігін көріп отыр. Кәсіптерінің жыл өткен сайын жақсарып келе жатқанын көріп отырмыз. Ары қарай да табысты жұмыс істеулеріне мүмкіндіктері бар. Аз пайызбен несие алуға да болатынын айттық. Жалпы алғанда, кәсіпкерлерге арналған қолдаулар аясында жұмыс істеулеріне болады, қолдау да көрсетіледі,- деп, атап өтті Б.Омарова.
«Газель» жүк көліктері бар. Тұрғындар тарапынан сұраныс болып жатса, жүк тасымалы қызметімен де шұғылданады.
Алдағы жоспарлары туралы айтқан ағайынды кәсіпкерлер бау-бақша кәсібін ары қарай дамытпақ ойлары бар екенін айтты. Тамшылатып суару арқылы көкөніс өсіру жоспарлары бар екен.
«Еліміздің оңтүстік өңірлерінде жермен шұғылданатын кәсіпкерлер тамшылатып суару арқылы жерден мол өнім алып жатады. Соны осы өңірде дамытсақ деген жоспарымыз бар. Осындай тәсіл арқыры картоп пен сәбіз және тағы басқа көкөністер ексек табысты кәсіп болады деп ойлаймыз. Ол үшін жер қажет. Ең алдымен жер мәселесін шешіп алсақ, жұмысты ары қарай жүргізу жағын қарастырамыз,- дейді ағайынды кәсіпкерлер.
"Атамекен" кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының директоры Баян Омарова мұндай бизнес жобаларға қолдау болатын айтты.
Өз тілшіміз,фото
Ағымдағы жылдың 5 айында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының менеджер-кеңесшілері кәсіпкерлік субъектілеріне 473 қызмет көрсетті. Ең көп сұранысқа ие болған қызметтер - маркетингтік қызмет болды.
«Бизнесті қолдаудың тиімді тетіктерінің бірі - кәсіпкерлерді қаржылай емес қолдау. Соның ішінде сервистік қолдау, оның аясында мамандандырылған қызметтер бизнеске ақысыз түрде ұсынылады. Мысалы, кез-келген фирма өз штатында жоғары білікті заңгерді жұмыспен қамтамасыз ете алмайды. Немесе, өз ісін жаңа бастаған кәсіпкер салық салу не болмаса мемлекеттік сатып алу саласында бірқатар қиындықтарға тап болуы мүмкін. Мұндай сәтте сервистік қызметтер өте уақтылы көрсетіліп, қажетті болып табылады. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы бизнес-жоспарды құруға, бухгалтерлік есеп пен салық есебі мәселелеріне, статистикалық есептер дайындауға, құқықтық, онымен қоса мемлекеттік сатып алулар мәселелері бойынша көмектеседі», - дейді Серік Садвакасов, Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры.
Кәсіпкерлер арасында ең сұранысқа ие қызметтер - маркетингтік қызметтер, дәлірек айтсақ бизнес-жоспарлар әзірлеу, бухгалтерлік және салық есебін жүргізуге байланысты қызметтер.
Кәсіпкерлер қызметтерді оффлайн режимінде Павлодар қаласы, Луговая көшесі, 16 мекенжайы бойынша орналасқан Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына хабарласу арқылы, https://g4b.kz/ мекенжайы бойынша да ала алады.
Толығырақ ақпаратты Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасынан алуға болады. Анықтама үшін телефон: 8/7182/654415, 8/7182 / 660311. ҰКП Call-Center - 1432.