
Кәсіпорындардың көпшілігі карантинге қарамастан жұмысын жалғастыруда, кейбіреулері қашықтықтан жұмыс істеу режимін жүзеге асырып, тиісінше, салымшылардың жеке зейнетақы шоттарын толықтыру жалғасуда. БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының сомасы қазіргі уақытта 12 триллион теңгеге жуықтады. Оған зейнетақы жарналары мен түскен қаражатты инвестициялаудан алынған инвестициялық табыс кіреді.
Жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) түсетін, есебін БЖЗҚ жүргізетін зейнетақы жарналарын зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқарушы - ҚР Ұлттық Банкі түрлі қаржы құралдарына инвестициялайды.
Тәуекелдерді азайту мақсатында инвестициялық портфель инвестициялау түрлері, бағыттары, оның ішінде валюталар бойынша әртараптандырылады. Қазіргі уақытта инвестициялардың шамамен 2/3 бөлігі теңгемен және 1/3 шетел валютасымен, соңғысының басым бөлігі АҚШ долларымен номиналданған.
Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы активтерін инвестициялау нәтижелеріне сәйкес күн сайын қайта есептеліп, қайта бағаланып отырады.
Инвестициялық табыстың құрамына бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау, валюталық қайта бағалаудан түскен табыстар, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер және
т. б. кіреді.
Инвестициялық табыс – тұрақсыз шама және ол қысқа мерзім ішінде оң немесе теріс болуы мүмкін.
Мысал үшін салымшылар мен алушылардың шоттарына 2020 жылы есептелген инвестициялық табысты қарастыруға болады.
Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында, яғни 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 шілдесіне дейінгі уақыт ішінде салымшылар мен алушылардың шоттарына 543,3 млрд теңге мөлшерінде таза инвестициялық табыс есептелді.
Қаңтар айында таза инвестициялық табыс +28,15 млрд теңгені, ақпан айында +111,7 млрд теңгені, наурыз айында +521,8 млрд теңгені, сәуір айында – 125,6 млрд теңгені, мамыр айында 36,8 млрд теңгені, маусымда +44,05 млрд теңгені құрады.
2020 жылдың наурызынан бастап зейнетақы активтерінің инвестициялық табыстылығына теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы әсерін тигізді.
Наурыз-маусым аралығында АҚШ долларының теңгеге қатысты бағамы 1 АҚШ доллары үшін 381 теңгеден 403 теңгеге дейін өсті. Валюталық құралдарға орналастырылған зейнетақы активтерін оң валюталық қайта бағалау зейнетақы активтері бойынша таза инвестициялық табыстың елеулі өсуіне әсер етті.
Зейнетақы жинақтары – бұл ұзақ мерзімді инвестициялар және инвестициялық табыс мөлшерін кем дегенде 1 (бір) жыл кезеңде талдаған дұрыс екендігіне назар аударамыз. Қысқа мерзімді деректер (күн сайынғы, ай сайынғы және т. б.) көрсеткіш бола алмайды, олар күнделікті нарықтық жағдайға тәуелді.
2013 жылдың қыркүйек айынан бастап 2020 жылдың мамыр айына дейін зейнетақы активтерін басқару кезеңінде Ұлттық банк қамтамасыз еткен инвестициялық табыс зейнетақы жинақтарының жалпы көлемінің 30% астамын немесе 3,8 трлн теңгені құрады.
Инвестициялық басқару және зейнетақы активтерін есепке алудың барлық жүйесі айқын. Әрбір салымшы өзінің инвестициялық табысын enpf.kz сайтындағы немесе ұялы қосымшадағы жеке кабинеті арқылы бақылай алады. Олар БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және БЖЗҚ зейнетақы активтері орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат алу мүмкіндігіне ие.
Бұл ақпарат БЖЗҚ-ның ресми сайтындағы (www.enpf.kz) «Көрсеткіштер/Инвестициялық қызмет» бөлімінде жарияланып отырады.