
Заңның 50-бабы 3-тармағына сәйкес салымшының (алушының), «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, кастодиан-банктің және инвестициялық портфельді басқарушының борыштары бойынша, оның ішінде аталған субъектілер таратылған және (немесе) банкрот болған жағдайларда міндетті зейнетақы жарналарына, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына, өсімпұлдарға, зейнетақы активтері мен зейнетақы жинақтарына тыйым салуға немесе өндіріп алуды қолдануға жол берілмейді.
Сонымен қатар «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 98-бабы 14-тармақшасына сәйкес, салымшының (алушының) борыштары бойынша зейнетақы жинақтарынан өндіріп алуға болмайды.
Жоғарыда көрсетілген нормативтік құқықтық актілердің ережелеріне сүйенетін болсақ, салымшының (алушының) БЖЗҚ-дағы міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарына тыйым салуға немесе өндіріп алуға жол берілмейді.
Салымшыларға (алушыларға) БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері салымшылар (алушылар) ұсынған банктік деректемелерге, тиісінше, БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын салымшылар (алушылар) ұсынған банктік деректемелерге аударғаннан кейін жүзеге асырылып, ақша олардың Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде ашылған банктік шоттарында болады. БЖЗҚ міндеттемесі салымшының (алушының) банктік деректемелеріне ақша аударылғаннан кейін орындалды деп есептеледі.