
Адам папиллома вирусы (АПВ) — адамға өте кең таралған вирус инфекцияларының бірі. Вирустың кейбір жоғары онкогенді түрлері ұзақ уақыт сақталған жағдайда жатыр мойны обырының және басқа да қатерлі ісіктердің дамуына себеп болуы мүмкін. Көп жағдайда АПВ инфекциясы ешқандай белгісіз өтеді және ағза оны өздігінен жеңе алады, алайда инфекцияның ұзақ сақталуы қауіпті болуы мүмкін.
АПВ қалай жұғады?
Негізгі берілу жолы — жыныстық қатынас және жақын тері-шырышты қабаттардың байланысы. Инфекция жұқтырған адамда ешқандай белгі болмауы мүмкін, сондықтан адам вирусты өзі білмей таратуы ықтимал.
АПВ мен жатыр мойны обырының байланысы
Жатыр мойны обырының негізгі себептерінің бірі — жоғары онкогенді АПВ түрлерімен тұрақты инфекция. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жатыр мойны обыры жағдайларының басым көпшілігі АПВ инфекциясымен байланысты. Вакцинация және тұрақты скрининг аурудың алдын алудың маңызды шаралары болып табылады.
АПВ-дан қалай қорғануға болады?
АПВ инфекциясының алдын алудың негізгі әдістерінің бірі — вакцинация. ДДҰ АПВ-ға қарсы вакцинацияны әсіресе жасөспірім қыздарға, жыныстық өмір басталғанға дейін жүргізуді ұсынады. Вакцина АПВ-ның қатерлі ісікке әкелуі мүмкін түрлерінен қорғанысты қалыптастыруға көмектеседі.
Қазақстанда АПВ-ға қарсы вакцинация Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне енгізілген. 2024 жылдан бастап 11 жастағы қыздарға жоспарлы вакцинация жүргізіле бастады, сондай-ақ 12–13 жастағы қыздарға толықтыра иммундау қарастырылған. 2026 жылғы 13 мамырдағы №7 Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес АПВ-ға қарсы қосымша вакцинация 14 жастан 17 жас 11 ай 29 күнге дейінгі қыздарға да енгізілді.
Вакцинация қауіпсіздігі
АПВ вакциналары профилактикалық мақсатта қолданылады және инфекцияның алдын алуға бағытталған. Қазақстанның ресми санитариялық-эпидемиологиялық қызметі вакцинация алдында медицина қызметкерінің қарап-тексеруі және ата-ананың немесе заңды өкілдің ақпараттандырылған келісімі қажет екенін көрсетеді.
Маңызды: вакцинация жатыр мойны обырының алдын алуда маңызды рөл атқарғанымен, әйелдер үшін белгіленген жасқа сәйкес жатыр мойны обырының скринингінен уақытылы өту де қажет. Вакцинация мен скрининг бірін-бірі алмастырмайды.
Өз денсаулығыңызға және жақындарыңыздың денсаулығына жауапкершілікпен қараңыз. АПВ-ның алдын алу — жатыр мойны обырының алдын алудың маңызды қадамы.