Той, ас беру, мерейтой және басқа да бұқаралық іс-шараларды қоғамдық тамақтану орындарында өткізу ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 4 қаңтардағы № ҚР ДСМ-16 бұйрығымен бекітілген санитариялық қағидалармен реттеледі (2025 жылғы редакцияда).
Қоғамдық тамақтану объектілері барлық үй-жайлардың – асхана залы, асүй, қойма, санитариялық тораптардың – тазалығы мен санитариялық жай-күйін қамтамасыз етуге міндетті. Барлық бөлмелерде ылғалды тазалау дезинфекциялық құралдармен тұрақты түрде жүргізілуі тиіс. Еден, қабырға және жиһаз беттері жеңіл жуылатын материалдардан жасалған болуы керек. Әжетханаларда қол жуатын су, сабын, антисептик, дәретхана қағазы және бір рет қолданылатын сүлгілер болуы тиіс.
Азық-түліктер тек ресми тіркелген жеткізушілерден қабылданады және олардың сапасы мен қауіпсіздігі тиісті құжаттармен расталуы керек. Тағамды дайындау технологиялық үдерістерге, температуралық режим мен сақтау мерзімдеріне сәйкес жүзеге асырылуы тиіс. Дайын тағамдарды қайта пайдалануға, қалдықтарды жаңа өніммен араластыруға қатаң тыйым салынады.
Қызметкерлерге қойылатын талаптар да қатаң. Асүй мен зал қызметкерлері алдын ала және мерзімді медициналық тексеруден өтіп, санитариялық кітапшасы мен гигиеналық оқудан өткені туралы куәлігі болуы қажет. Жұмыс барысында таза арнайы киім киіп, бас киім тағу, жеке бас гигиенасын сақтау міндетті. Инфекциялық ауру белгілері бар адамдардың жұмыс істеуіне тыйым салынады.
Асүйлік құрал-жабдықтар, ыдыс-аяқ пен жабдықтар бүтін, таза және өңделген болуы қажет. Көп реттік ыдысты жуу үшін арнайы жуғыш бөлімдерде екі немесе үш секциялы жуғыштар, жуу және дезинфекциялық құралдар қолданылады. Бір реттік ыдыс қолданылған жағдайда оның стерильдігі мен дұрыс жоюы қамтамасыз етілуі керек.
Іс-шара алдында және соңында міндетті түрде жалпы тазалау, зал мен өндірістік орындарды желдету, қажет болған жағдайда кварцтау және ауа температурасын бақылау жүргізіледі. Санитариялық талаптардың бұзылуы анықталған жағдайда объектінің қызметі уақытша тоқтатылуы немесе әкімшілік жаза қолданылуы мүмкін.
Қоғамдық тамақтану объектілерінде бұқаралық іс-шараларды өткізуде санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау – халық денсаулығын қорғаудың және жұқпалы аурулардың таралуын болдырмаудың маңызды шарты болып табылады.