Шарбақты ауданының жергілікті атқарушы органдарының сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бойынша талдамалық анықтама

  1. Нормативтік-құқықтық база

Талдаумен мынадай нормативтік құқықтық актілер қамтылды: «ҚР Жер кодексі», «Мемлекеттік қызметі туралы», «ҚР Бюджет кодексі», «ҚР Салық кодексі», «ҚР Мемлекеттік мүлік туралы Заңы», «Еңбек кодексі», «Мемлекеттік сатып алу туралы», «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы», «ҚР жекешелендіру объектісін сату қағидалары», «Қаржылық есептілік нысандарын және оларды жасау мен ұсыну қағидаларын бекіту туралы», «Мемлекеттік сатып алуды біріңғай мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылар жүзеге асыратын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбелерін айқындау туралы», «Сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекеттік меншіктегі жер учаскелеріне құқықтарды алу», «Жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекіту», «Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну қағидаларын», ҚР Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 11 ақпандағы № 107 бұйрығымен бекітілген, Дала өрттерін, сондай-ақ мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендерде өрттерді сөндіру қағидалары.

  1. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу үшін негіздеме

Шарбақты ауданы әкімінің 2023 жылғы 4 сәуірдегі № 18-ө өкімі.

 

  1. Есепті кезең

 

Талдау 2023 жылдың 30 мамырынан 2024 жылдың 1 сәуіріне дейін жүргізілді.

  1. 16 мемлекеттік орган және 1 квазимемлекеттік сектор субъектісі қамтылды:

 

«Шарбақты ауданы әкімінің аппараты» ММ, «Шарбақты ауданының экономиканың нақты сектор бөлімі» КММ, «Шарбақты ауданының жер қатынастары бөлімі» ММ, «Шарбақты ауданының мәдениет, дене тәрбиесі және спорт бөлімі» ММ, «Шарбақты ауданының саясат және тілдерді дамыту бөлімі» ММ, «Шарбақты ауданының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі» ММ, «Шарбақты ауданының қаржы бөлімі» ММ, «Шарбақты ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімі» ММ, «Шарбақты ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ, Шарбақты ауданы әкімдігінің «Қайнар» КМК, Шарбақты ауданының ауылдық округтері әкімдерінің аппараттары.

 

  1. СЖТІТ келесі міндеттер бойынша талдау жүргізді:

Мемлекеттік органның қызметіне қатысты қолданыстағы құқықтық актілерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;

Персоналды басқарумен байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау, оның ішінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ұшыраған лауазымдарды айқындау;

Мүдделер қақтығысын реттеуге байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;

Мемлекеттік қызмет көрсетумен байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;

Ішкі құжаттарда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;

Рұқсат беру функцияларын іске асыруға байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;

Бюджет және қаржы қаражатын игеруге және бөлуге байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;

Бақылау-тексеру функцияларын іске асыруға байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;

Қаржы-шаруашылық қызметпен байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.

 

          

               «Шарбақты ауданы әкімінің аппараты» ММ

          ҚР Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 11 ақпандағы № 107 бұйрығымен бекітілген Дала өрттерін, сондай-ақ мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендерде өрттерді сөндіру қағидаларына сәйкес, дала өрттерін сөндіру кезінде жергілікті атқарушы органдар меншік нысанына қарамастан, тартылатын күштер мен құралдарды жанар-жағармай материалдарымен, тамақ өнімдерімен және медициналық құралдармен қамтамасыз етеді.

               Алайда, тартылатын заңды және физикалық күштерге ЖЖМ өтеу тәртібін регламенттейтін нормативтік құқықтық акт жоқ.

               Сыбайлас жемқорлық тәуекелін жою үшін ЖЖМ өтеу тәртібін және белгіленген нысандағы құжаттар тізбесін регламенттейтін нормативтік құқықтық актіні әзірлеу қажет.

 

«Шарбақты ауданының Шарбақты ауылдық округі әкімінің аппараты» КММ

Павлодар облысының прокуратурасына Шарбақты ауылдық округі әкімі аппаратының лауазымды тұлғаларының мемлекеттік сатып алу шарты бойынша шарттық міндеттемелерді орындау кезінде кедергі жасау фактісі бойынша әрекетіне шағым түсті.

Шағымды зерделеу кезінде 2023 жылғы 23 қарашада Шарбақты ауылдық округі әкімінің аппараты мен Жеткізуші арасында көше жарығын жөндеу/реконструкциялау жөніндегі жұмыстарды орындау бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шарт (бұдан әрі-Шарт) жасалғаны екені анықталды, жоғарыда көрсетілген жұмыстарды орындаудың аяқталу мерзімі 2023 жылғы 31 желтоқсан.

ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 43-бабының 14-тармағында белгіленгендей, мемлекеттік сатып алу туралы шарт бір қаржы жылына жасалады, яғни бұл шарт 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданыста болды.

Алайда, шарт 2023 жылғы 19 желтоқсанда қазынашылық органдарына тіркеуге жіберілді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнамасында шартты қазынашылық органдарына жіберу мерзімі белгіленбеген.

Мемлекеттік сатып алу саласындағы нормативтік құқықтық актілерге шартты қазынашылық органдарына жіберу мерзімдерін белгілеу туралы тармаққа толықтырулар енгізуді ұсынамыз.

 

«Шарбақты ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ

             1) Бөліммен «Әлеуметтік көмек» ААЖ арқылы «Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу» мемлекеттік қызметі көрсетіледі.

             Өтінішті өтініш берушінің қатысуымен қабылдаған кезде мансап орталығы не ауылдық округ әкімі «электрондық үкімет» шлюзі арқылы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тиісті ақпараттық жүйелеріне, оның ішінде қосалқы шаруашылықтың болуы туралы мәліметтерді алу үшін сұрау салуларды дербес қалыптастырады.

             Алайда, осы сұрауға жауап қалыптастыру кезінде өтініш берушіде малдың болуы / болмауы туралы мәліметтер көрсетілмейді, бұл ақпараттық жүйелердің интеграциясының жеткіліксіздігін көрсетеді.

             Өтініш беруші қағаз түрінде малдың болуы/болмауы туралы анықтама алу үшін ауылдық округ әкімдіктеріне жүгінуі қажет.

             Ақпараттық жүйе арқылы мәлімет алу және мемлекеттік қызмет көрсету кезінде артық құжатты талап етуді болдырмау үшін «Әлеуметтік көмек» ААЖ мен «АШМБ» АЖ арасындағы интеграция қажет.

             2) «Еңбекші көшіп келушіге рұқсат беру, ұзарту және кері қайтарып алу» мемлекеттік көрсетілетін қызметі осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет заңнамалық деңгейде 15.04.2022 жылы Бөлімге берілді. Бұл ретте еңбек мигранттарына жеке тұлғалармен еңбек қатынастарында болуға құқық береді. ҚР Еңбек Кодексінің 21-бабының 1-тармағына сәйкес еңбек қатынастары қызметкер мен жұмыс беруші арасында еңбек шарты негізінде пайда болады, ол «Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі» ЭЕШЕАБЖ-де тіркелуге жатады.               

            Соған сәйкес мемлекеттік қызмет процесіне ЭЕШЕАБЖ-де еңбек шартының болуы критерий ретінде енгізу қажет және оның болмауы мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздеме болуы, бұл жалған еңбек қатынастарын болдырмайды.  

 

               «Шарбақты ауданының жер қатынастары бөлімі» ММ

               1) Жер кодексі заңды тұлғалардың жер алу кезінде олардың конкурстық ұсыныстарына қосымша балл берудегі құқық қабілеттілігін шектейтін бірқатар нормаларды қамтиды.

          Кодекстің 43-1-бабы 14-тармағының екінші абзацына сәйкес осы ауданда, қалада, ауылда, кентте кемінде 5 жыл тұратын адамдарға жер учаскесін алу кезінде олардың конкурстық ұсыныстарына қосымша балл беру түрінде артықшылық беріледі.

          Осылайша, жоғарыда аталған норма тек жеке тұлғаларға қосымша балл беру бойынша преференциялар белгілейді, өйткені заңды тұлғалар мемлекеттік тіркеуге жатады және тұрғылықты жері жоқ.

           Бұл жеке тұлғалардың заңды тұлғалардан артықшылығын көрсетеді, осылайша олардың құқықтарына нұқсан келтіреді.

          2) Жер кодексінде әкімшілік бірліктер – аудан, қала, ауыл, кент бойынша шектеулер бар, бірақ ауылдық округ түріндегі әкімшілік бірлік регламенттелмеген.

          Әкімшілік-аумақтық бірліктің құрамына сілтеме жасай отырып, Конкурсқа жер учаскесі қойылған осы ауылдық округте кемінде 5 жыл тұратын қатысушыларға қосымша балл беру дұрыс деп санаймыз («Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңның 1,2,3-бабы).

Ұсыныстар:

Жер кодексінің ережелерін екіұшты түсіндіруді болдырмау, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жерлерін алу кезінде конкурстық ұсыныстарға қосымша балл беру түрінде кімге артықшылық берілетіні туралы бірыңғай түсінік қалыптастыру үшін Кодекске, атап айтқанда: мынадай мазмұнмен толықтыра отырып, 43-1-баптың 14-тармағының екінші абзацына өзгерістер енгізу орынды деп санаймыз – «Осы ауданда, ауылдық округте, ауылда, кентте, қалада кемінде 5 жыл тұратын немесе тіркелген адамдарға орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіпке сәйкес жер учаскесін алған кезде олардың конкурстық ұсыныстарына қосымша балл беру түрінде артықшылық беріледі».

 

Шарбақты ауданы әкімі

аппаратының басшысы                                         Г. Жәкішева

 

 

СЖТІТ жүргізуге жауапты                                    Е. Оспанов

Дата публикации
11 июня 2024