Павлодар

Меню

Страницы

Статья

Мәжіліс жекелеген санаттағы азаматтарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша заң жобасын мақұлдады

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары бірінші оқылымда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы"заң жобасын мақұлдады.

Мәжілісмендерге құжатты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов таныстырды. Өз сөзінде ол аталған заң жобасы мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарды орындау шеңберінде әзірленгенін атап өтті.

"Заң жобасы мүгедек адамдар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, еңбек ардагерлері және басқа да санаттарды қоса алғанда, азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленді. Бұл нормаларды "Нұр Отан" партиясы қолдағанын және сайлауалды тұғырнамада көрініс тапқанын атап өту қажет", – деді министр.

Шапкеновтың айтуынша, құжатта мүгедектіктің себебіне қарамастан, I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын азаматтарға жәрдемақы енгізу қарастырылған.

"Қазіргі уақытта I топтағы 66 мың мүгедек адамның әр үшіншісі күтім жәрдемақысымен де, жеке көмекшінің қызметімен де қамтамасыз етілмеген. Заң жобасын қабылдау нәтижесінде сыртқы қамқорлыққа мұқтаж 24 мың адам қосымша күтім жәрдемақысымен қамтылады", - деп атап өтті ЕХӘҚМ басшысы.

Баланың денсаулығының бұзылу және тіршілік әрекетінің шектелу дәрежесін ескере отырып, заң жобасында 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу көзделеді. Бұл шара көрсетілетін оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті, оның ішінде балалар ауруының ауырлық дәрежесіне қарай жәрдемақылар мөлшері бөлігінде саралауға мүмкіндік береді.

Бұл ретте мүгедек балалардың барлық топтары үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37% - ға дейін ұлғайтылатын болады. Бұл шара мүгедек 30 мыңнан астам балаға қатысты болады.

Сондай-ақ, заң жобасында Мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру көзделеді. Бұл асыраушысынан айырылған және құрамында мүгедек балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта мүгедектігі бар балалар ата-аналары ажырасқан кезде бір мезгілде алименттер мен мүгедектігі бойынша жәрдемақы ала алады. Алайда, бір немесе екі ата-ана (асыраушы) қайтыс болған жағдайда, бала Мүгедектігі бойынша жәрдемақы немесе асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы ала алады. Осы норманы енгізу кезінде 2 мың бала Мүгедектігі бойынша жәрдемақымен тең (мөлшері 41 163 – тен 48 023 теңгеге дейін) асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы ала алады (мөлшері 12 063-тен 29 500 теңгеге дейін)", - деп түсіндірді Серік Шапкенов.

Жұмыс берушінің міндеттемелерін орындау мүмкін болмаған жағдайда, еңбек жарақатынан мүгедек болған адамдарды мемлекет есебінен техникалық құралдармен (бұдан әрі – ОТҚ) және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету заң жобасының тағы бір новелласы болып табылады.

Қазіргі уақытта жұмыс беруші – жеке кәсіпкердің қызметі тоқтатылған немесе заңды тұлға таратылған жағдайда бұл міндеттемелер мемлекетке өтеді. Бұл ретте мүгедектер кәсіпорынның қызметін тоқтата тұру (әрекетсіздік) кезеңінде немесе 1,5 жылға дейін созылуы мүмкін банкроттық рәсімдерін жүргізу кезінде ОТҚ алу мүмкіндігінен айырылған. Осы кезеңде өндірісте мүгедектік алған адам оңалтудың техникалық құралдарынсыз қалады.

Бұл шара 2 мыңға жуық адамды оңалтудың техникалық құралдарымен және қызметтерімен уақтылы қамтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, құжатта мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың бала кәмелетке толғаннан кейін тұрғын үй кезегінде тұру құқығын сақтау көзделеді.

"Іс жүзінде мұндай отбасылар тұрғын үй кезегінде 10 жылға дейін тұр. Егер бала 18 жасқа толғанға дейін тұрғын үй алу мүмкін болмаса, онда мүгедек кезекке қайта тұруға мәжбүр. Бұл норма 20 мыңнан астам отбасына тұрғын үй кезегін сақтауға мүмкіндік береді деп болжануда", – деп атап өтті министр.

Бұдан басқа, заң жобасы шеңберінде мүгедек балаға күтім жасау мерзімін 18 жасқа дейін ұзарту көзделіп отыр, бұл жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен базалық зейнетақыны тағайындауға оң әсерін тигізеді.

Сондай-ақ, аз қамтылған отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакетті әлеуметтік қызметтер порталына ауыстыру қарастырылған.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің тиімділігі мен атаулылығын арттыруға бағытталған өзге де нормалар қосымша енгізілді.

Заң жобасын қабылдау халықты әлеуметтік қорғау жүйесіне оң әсер етеді және шамамен 400 мың қазақстандықтың құқықтарын жақсартуға мүмкіндік береді.

Заң жобасы 55 млрд теңге сомасына қажетті қаржыландырумен қамтамасыз етілді. Шығын нормалары 2021-2023 жылдарға бөлінген қаражат шеңберінде іске асырылатын болады.

Дата публикации
14 июня 2021
Дата обновления
14 июня 2021
Тип
Ақпарат

Сейчас читают

21 октября 2026
21 октября 2026
21 октября 2026

Социальные медиа

Instagram

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы