
Тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы:
1) әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстер аумағында сайлау туралы заңдардың атқарылуына бақылауды жүзеге асырады;
2) Президенттi, Парламенттiң және мәслихаттардың депутаттарын, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауды әзiрлеу мен өткiзудi қамтамасыз етедi;
2-1) партиялық тізімдерін ұсынған Президенттікке кандидаттардың, саяси партиялардың сенім білдірген адамдарын тіркейді, оларға тиісті куәліктер береді;
3) төмен тұрған аумақтық және учаскелiк сайлау комиссияларының қызметiне басшылық жасайды; олардың шешiмдерiнiң күшiн жояды және оларды тоқтата тұрады; сайлау науқанын өткiзу үшін бөлiнген республикалық және жергілікті бюджеттердiң қаражатын олардың арасында бөледi; сайлау науқанын өткізуге арналған бюджеттік өтінімдерді ұсынады; учаскелiк сайлау комиссияларының қызметi үшін қажеттi материалдық-техникалық жағдайлардың жасалуын бақылайды; учаскелiк сайлау комиссияларының шешiмдерi мен әрекеттерiне (әрекетсiздiгіне) арыздар мен шағымдарды қарайды; Орталық сайлау комиссиясының шешiмдерiн тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бірлік шегiнде құрылған барлық сайлау комиссиясының орындауын ұйымдастырады;
4) сайлауды әзiрлеу мен өткiзуге байланысты мәселелер бойынша сайлау комиссияларының, мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың есебiн, сондай-ақ сайлау туралы заңдардың сақталуы мәселелерi бойынша қоғамдық бiрлестiктер органдарының хабарламасын тыңдауға хақылы;
4-1) сайлаушылар және сайлау учаскелерінің шекаралары туралы мәліметтердің өзектілігі мен анықтығын, дауыс беруге арналған сайлаушылар тізімдерінің уақтылы әрі дұрыс жасалуын және олардың барша жұрттың танысуы үшін ұсынылуын бақылайды;
5) Сенат депутаттары сайлауын өткiзудi қамтамасыз етедi: Сенат депутаттығына кандидаттарды, олардың сенiм бiлдiрген адамдарын тiркейдi, оларға тиiстi куәлiктер бередi; бұқаралық ақпарат құралдарында кандидаттарды тiркеу туралы хабарлар жариялайды; дауыс беруге арналған пункттер дайындайды, дауыс беруге арналған кабиналар мен жәшiктердiң жасалуын қамтамасыз етедi; Сенат депутаттары сайлауындағы дауыс берудiң нәтижелерiн шығарады және дауыс берудiң нәтижелерi шығарылған хаттамаларды Сенат депутаттарын тiркеуi үшiн Орталық сайлау комиссиясына бередi;
6) мәслихаттар депутаттарын сайлау жөнiнде сайлау округтерiн құрады және олардың тiзiмдерiн жариялайды, сайлау комиссияларының орналасқан жерi туралы сайлаушыларға хабарлайды;
6-1) дауыс беруге арналған учаскелердiң бірыңғай нөмiрленуін белгiлейдi;
7) мәслихаттар депутаттарын, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау жөнiндегi сайлау бюллетеньдерiнiң жасалуын, сондай-ақ учаскелiк сайлау комиссияларына сайлау бюллетеньдерінің жеткiзiлуiн қамтамасыз етедi;
8) мәслихаттардың депутаттарын сайлауды ұйымдастырады және олардың өткізілуін қамтамасыз етеді; мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ұсынатын саяси партиялар ұсынған партиялық тізімдерді тіркейді, саяси партиялардың сенім білдірілген адамдарын тіркейді, кандидаттар мен сенім білдірілген адамдарға тиісті куәліктер береді; бұқаралық ақпарат құралдарында партиялық тізімдерді тіркеу туралы хабар жариялайды;
9) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктегі сайлау учаскелері бойынша дауыс беру нәтижелерiн белгiлейдi, мәслихат депутаттарын сайлау қорытындыларын шығарады, сайланған депутаттарды тiркейдi және бұқаралық ақпарат құралдарында бұл туралы хабар жариялайды; сайлау қорытындыларын шығару және Орталық сайлау комиссиясының ресми интернет-ресурсында жариялау үшiн жоғары тұрған сайлау комиссиясына тиiстi сайлау округтерi мен учаскелерi бойынша дауыстарды санау хаттамаларын ұсынады;
10) Сенат депутаттарына қайта дауыс беруді және оларды қайта сайлауды, мәслихаттар депутаттарын қайта сайлауды, сондай-ақ Сенаттың шығып қалған депутаттарының орнына сайлауды ұйымдастырады;
11) мәслихаттардан басқа, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауды, қайта сайлауды және шығып қалған мүшелерiнiң орнына сайлауды тағайындайды және ұйымдастырады; мәслихаттардан басқа, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелігіне кандидаттарды, олардың сенiм бiлдiрілген адамдарын тiркейдi, оларға тиiстi куәлiктер бередi; жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдарында кандидаттарды тiркеу туралы хабарларды жариялайды; мәслихаттардан басқа, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау қорытындыларын шығарады; жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында сайлау қорытындылары туралы хабар жариялайды;
11-1) сайлау туралы заңнаманы түсіндіруді ұйымдастырады; сайлау процесіне қатысушыларды оқытуды ұйымдастырады және өткізеді; саяси партиялардың өкiлдерiмен және сайлау процесіне басқа да қатысушылармен сайлауды ұйымдастыру және өткізу жөнiнде семинарлар өткiзедi;
12) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.