
1. Қазақстан Республикасында сайлауды әзiрлеу мен өткiзудi ұйымдастыратын мемлекеттiк сайлау органдары сайлау комиссиялары болып табылады.
2. Сайлау комиссияларының бiртұтас жүйесiн мыналар құрайды:
1) Республиканың Орталық сайлау комиссиясы;
2) аумақтық сайлау комиссиялары;
3) алып тасталды – ҚР 29.06.2018 № 162-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.
4) учаскелiк сайлау комиссиялары.
3. Аумақтық сайлау комиссияларын – Орталық сайлау комиссиясы, ал учаскелiк сайлау комиссияларын тиiстi аумақтық сайлау комиссиялары құрады.
Орталық сайлау комиссиясын қоспағанда, сайлау комиссияларының құрамдарын тиісті мәслихаттар қалыптастырады.
Сайлау комиссияларының өкілеттiк мерзiмi бес жылды құрайды.
Аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін саяси партиялардың ұсыныстары негізінде тиісті мәслихаттар сайлайды.
Әрбiр саяси партия тиiстi сайлау комиссиясының құрамына бiр кандидатура ұсынуға құқылы. Саяси партия сайлау комиссиясының құрамына осы саяси партияның мүшелерi болып табылмайтын кандидатураларды ұсынуға құқылы.
Мәслихат белгiлеген, сайлау комиссияларын құру мерзiмiне дейiн он бес күннен кем болмауға тиiс мерзiмде саяси партиялардың ұсыныстары болмаған жағдайда, мәслихаттар сайлау комиссиясын өзге қоғамдық бiрлестiктердiң және жоғары тұрған сайлау комиссияларының ұсынысы бойынша сайлайды.
Сайлау комиссиясының құрамына ұсынылатын адамдар оның жұмысына қатысуға келісетіні туралы өтiнiштерiн қоса бередi. Сайлау комиссиясының төрағасы, төрағасының орынбасары, хатшысы сайлау комиссиясының отырысында сайланады.
Сайлау комиссияларының жаңа құрамын қалыптастыру сайлау комиссияларының өкілеттiк мерзiмi аяқталардан кемінде екi ай бұрын басталады және олардың өкілеттiк мерзiмiнің бiтуіне үш күн қалғанда аяқталады.
Сайлау комиссияларының құрамдарын қалыптастыратын органдар сайлау комиссияларының өкілеттiк мерзiмi iшiнде олардың құрамына өзгерiстер енгiзуге құқылы.
4. Сайлау комиссияларының құрамын қалыптастыру туралы шешiмдер, олардың құрамы мен орналасқан жерi бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады.
5. Сайлау комиссияларының өз құзыретiнiң шегiнде қабылдаған шешiмдерi тиiстi аумақтағы барлық мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, сондай-ақ олардың лауазымды адамдарының орындауы үшiн мiндеттi.
6. Сайлау комиссиялары өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыруы кезінде олардың қызметіне араласуға жол берілмейді.
7. Сайлау комиссиясының қызметi сайлау комиссиясын құратын органның шешiмi бойынша немесе Орталық сайлау комиссиясының өтініші негiзiнде сот шешiмiмен тоқтатылуы мүмкiн.
8. Сайлау комиссиясының мүшесiн, осы Конституциялық заңның 19-бабының 6 және 7-тармақтарында көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, өкiлеттiктерiнен айыруға болмайды.