
Ата-аналардың есіне!
От пен су балалардың шалалығын көтермейді.
Жаз мезгілі - балалардың асыға күтіп жүретін ең сүйікті кезеңі. Мектептегі сабақ пен бала бақшадан босап, жазғы демалысқа шығып, бойларын ерекше бір еркіндік пен ойынға деген құштарлық билейді. Осындай кезеңде балаларыңыздың қауіпсіздігіне аса көңіл бөлгендеріңіз жөн. Өздеріңізге белгілі, адам өмірі мен денсаулығына аса қауіпті тілсіз жау – от пен су. Сол себепті, балаларыңызбен су мен өрттің қауіптілігі мен олардан сақтану шаралар мен ережелері жөнінде жиі әңгімелесіп, түсіндіріңіз. Жасы кіші балаларыңызды үйде қараусыз қалдырмаңыз. Өз өздеріне қарай алатын жасқа жетті, бұзық қылықтар жасамайды деп сенім білдерген балаларыңызға да сіріңкемен ойнауға болмайтынын, газ плитасына, жалпы тоқ қуатымен жұмыс жасайтын құрылғыларға жақындауға болмайтынын үнемі ескертіп жүргеніңіз артық етпейді.
Жаз мезгілінің ең қызығы – суға түсу. Балаларыңызды шомылуға жалғыз немесе достарымен бірге жібермеңіз, міндетті түрде үлкендердің қарауымен арнайы жабдықталған жағажайларда демалыңыздар. Суда құтқару қызметі мен Ішкі Істер басқармасы қызметкерлерімен бірлесіп, Жайық өзені жағалауында демалушылар мен жағажайлардың жай-күін қарау мақсатында жүргізілетін рейд кезінде жасөспірімдердің достарымен жарысып пирстардан секіріп жатырғанын жиі кездесіп, ескертулер беріліп жүр. Бұл – ең қауіпті ойын. Арнайы жабдықталмаған жерде тұңғиық судың астында не бар екендігі белгісіз немесе ол жер ойыс болуы мүмкін.
Сондықтан, құрметті ата-аналар, балаларыңызға аса сақ болып, олардың жеке қауіпсіздіктері үшін өрт пен су қауіпсіздігінің қарапайым шараларын ес білген кездерінен бастап, әліппе үйреткендей оқытқаныңыз абзал.
А.Адамжанов
Аудандық ТЖБ