
Заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу мемлекеттік тіркеуге ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестiгiн тексерудi, Бизнес-сәйкестендіру нөмiрi беріле отырып, оларға мемлекеттiк тiркеу туралы анықтама беруді, заңды тұлғалар туралы мәлiметтердi Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгiзудi қамтиды.
Филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу есептік тіркеуге ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкестігін тексеруді, Бизнес-сәйкестендіру нөмiрi беріле отырып, оларға есептік тіркеу туралы анықтама беруді, филиалдар мен өкілдіктер туралы мәліметтерді Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгізуді қамтиды.
Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу:
заңды тұлғаның құрылу, қайта тіркелу, құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың тіркелу, қайта ұйымдастырылу және қызметінің тоқтатылу, сондай-ақ филиалдар мен өкiлдiктердiң құрылу, есептік қайта тіркелу, құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың тіркелу және қызметiнің тоқтатылу фактiсiн куәландыру;
Қазақстан Республикасының аумағында құрылған, қайта тіркелген, қайта ұйымдастырылған және өз қызметiн тоқтатқан заңды тұлғаларды, сондай-ақ құрылған, есептік қайта тіркеуден өткен және өз қызметін тоқтатқан филиалдар мен өкiлдiктердi есепке алу;
Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiн жүргізу;
заңды тұлғалар, олардың филиалдары мен өкiлдiктерi туралы жалпыға қолжетімді ақпаратты (қызметтiк немесе коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты қоспағанда) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өткізу мақсатында жүзеге асырылады.