
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі әзірлеген және Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2022 жылғы 2 ақпанда бекітілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат Тұжырымдамасы халықаралық стандарттарға, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес қоғамдастықтың, мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен азаматтардың ұсыныстарына негізделген стратегиялық құжат болып табылады.
Ол зардаптармен күрестен сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жүйелі түрде жоюға, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге, қоғамдық сананың түбегейлі өзгеруіне көшуге бағытталған.
Оны іске асырудың кезекті кезеңі шеңберінде ағымдағы жылдың 3 қаңтарында Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қорғауға жататын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойды.
Түзетулер сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жақсартуға, оның ішінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың жаңа құралдарын енгізу арқылы бағытталған.
Алғаш рет мемлекеттік қызметшілерді, оларға теңестірілген адамдарды, сондай-ақ олардың жұбайларын заңсыз байытқаны үшін жауапкершілік нормасы енгізіледі. Бұл аталған тұлғалардың шығыстары олардың жиынтық кірістерінен едәуір асатын жағдайларда қолданылатын болады.
Мысалы, егер шенеуніктің шығыстары мен кірістеріндегі айырма 1 мың АЕК-тен асатын болса (2023 жылға 1 АЕК 3 180 теңгеге тең), онда "фискалдық санкция" бойынша айырма сомасының 90 % әкімшілік айыппұл ретінде қайтарылатын болады.Егер бұл айырмашылық мемлекеттік қызметшінің жылдық табысынан асып кетсе, "мансаптық айыппұл" қаралады және мемлекеттік қызметші үш жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылады. Бұл ретте әрбір жағдайда шенеунікке шығыстардың заңдылығын негіздеуге мүмкіндік беріледі.
Аталған өзгерістерді 2027 жылдан бастап, Қазақстанның барлық халқы кірістерді декларациялайтын кезден бастап қолданысқа енгізу жоспарлануда. Осы уақытқа дейін біз кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге ниеттіміз.
Заңның кейбір нормалары сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарды қорғауға бағытталған. Енді адамның сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы мәліметтерді және оған қолданылатын қауіпсіздік шараларын хабарлау фактісі туралы ақпарат құпия болып табылады, оны жария еткені үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленді.
Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жолмен жәрдемдескен адамға қатысты барлық еңбек даулары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі өкілдерінің қатысуымен шешілетін болады.
Мақала авторы Павлодар облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Дархан Құрақбаев