Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде жер пайдалану құқығын иеліктен шығару азаматтық-құқықтық мәмілелер негізінде жер пайдалану құқығы берілген кезден бастап бес жылдық жалдау мерзімі өткеннен кейін жүзеге асырылады.
Бұл ретте ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде жер пайдалану құқығын иеліктен шығарған жер пайдаланушы азаматтық-құқықтық мәміле жасалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде жер учаскесі орналасқан жердегі ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органын хабардар етуге міндетті.
Хабарлама тиісті азаматтық-құқықтық мәміленің нөмірі мен күні көрсетіле отырып, жазбаша нысанда жіберіледі.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде жер пайдалану құқығын иеліктен шығарған кезде уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) шартын ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органы азаматтық-құқықтық мәмілелер негізінде орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіппен бастапқы жалдау мерзімі өткенге дейінгі мерзімге жаңа жер пайдаланушыға қайта ресімдейді.
Жер пайдаланушы ауысқан кезде жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) шарты талаптарының өзгерістері тіркелген кезден бастап туындайды.
Көрсетілген жағдайларда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) шарты бойынша жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын сатып алған жер пайдаланушы жалға берушінің алдында жауапты болады.
Бұл ретте шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін Қазақстан Республикасының азаматында, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін шетелдік қатысуы жоқ Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғасында уақытша өтеулі жер пайдалану құқығында болуы мүмкін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің жалпы жиынтық мөлшері Жер кодексінің 50-бабының 4-тармағына сәйкес белгіленген жер учаскелерінің шекті (ең жоғары) мөлшерінен аспауға тиіс.
Көрсетілген мөлшер асып кеткен жағдайда уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы Жер кодексінің 66-бабының нормаларына сәйкес қайта ресімделуге немесе иеліктен шығарылуға жатады.