
Құтыру індеті - Дүние жүзінде және Қазақстанда күрделі мәселелердің бірі болып отыр, 150 –ден астам елде тіркелуде. Жыл сайын Дүние жүзінде құтырма ауруынан 55 мыңға жуық адам қайтыс болса, орташа есеппен - әр 10 минутта 1 адам құтыру індетінен қайтыс болады екен.
Бұл ауруды жұқтыру қаупі, әлі де азаймаған, өйткені вирустың резервуары ондаған түрлі жануарлар.
Құтыру – жедел өтетін, жануарлардан жұғатын вирустық ауру. Ауырған адам ауыр ми қабынуынан қаза болады.
Инкубациялық мерзімі, яғни вирус ағзаға енгеннен кейін, алғашқы белгілерінің білінуі 10 күннен 90 күнге дейін, кейде 1 жылдан артық уақытқа созылады.
Вирустың көзі – жыртқыш аңдар: түлкі, қасқыр, қарсақ және үй хайуандары. Ауырған хайуандар инкубациялық мерзімінің соңғы 7 - 10 күнінен бастап сілекейімен вирусты көптеп шығарады. Құтырумен ауырған хайуандар тістегенде, тырнағанда немесе терінің жарақаттанған жеріне сілекейі жағылуы арқылы адамға, сол сияқты басқа хайуандарға да жұғады.
Көп жағдайда тұрғындар құтыру ауруының қандай қатерлі екенін білмегендіктен, немесе біле тұрып, бұл ауру менде болуы мүмкін емес деген жалған үмітпен, құтыруға қарсы профилактикалық егу курсын толық алмай, немесе екпе алуға қарсылық білдіріп жатқан жағдайлар кездесіп жатады.
Назар аударыңыз!!! Қазіргі таңда құтыру ауруын емдейтін арнаулы ем жоқ. Сондықтан, ауру хайуан тістеген, тырнаған немесе сілекейлеген жағдайда, адамдарды ажалдан арашалап қалатын жалғыз жол құтыруға қарсы профилактикалық егу.
Егер үй жануарларынан немесе жабайы хайуандардан зардап шексеңіз міндетті түрде дәрігерге қаралыңыз және дәрігер тағайындаған профилактикалық егу курсын алған жағдайда ғана өзіңізді бұл аурудан сақтап қаласыз.
Құтыру ауруына қарсы профилактикалық егу шаралары жарақат пункттері мен жергілікті емханаларда ақысыз, тегін жасалатынын ескертеміз!!!