
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 52-бабы 1-тармағына сәйкес тұрғын үй-құрылыс кооперативі көппәтерлі тұрғын үйді салу және кейіннен тұрғын үй-құрылыс кооперативі мүшелерінің арасында пәтерлерді, тұрғын емес үй-жайларды, тұрақ орындарын енгізілген немесе енгізілуге жататын пай жарналарының сомасына сәйкес бөлу үшін құрылады және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз міндеттемелерін орындағанға дейін әрекет етеді.
Осы баптың 3-тармағында көрсетілгендей, тұрғын үй-құрылыс кооперативін құру тұрғын үй-құрылыс кооперативінің құрылтай жиналысын өткізуден басталады және заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеумен аяқталады.
Заңның 53-бабы бойынша тұрғын үй-құрылыс кооперативіне осы Заңның және тұрғын үй-құрылыс кооперативі жарғысының талаптарын сақтай отырып жүргізілген жаңа мүшелерді қабылдау атқарушы органның хаттамасымен және тұрғын үй-құрылыс кооперативіне қатысу шартын жасасу арқылы ресімделеді.
Бұл ретте тұрғын үй-құрылыс кооперативінің атқарушы органы он күн ішінде өтінішті қарайды, оң шешім қабылдаған кезде хаттама ресімдейді және тұрғын үй-құрылыс кооперативінің атынан азаматпен жергілікті атқарушы орган тіркейтін тұрғын үй-құрылыс кооперативіне қатысу шартын жасасады.
Депутаттар кейбір тұрғын үй құрылысы кооперативтерінің басшылары мен олардың мүшелері арасында жасалған осындай шарттардың міндетті тіркеуден өткізілмегендігіне, сондықтантұрғын үйлерді қолдануға бергенде оған құқықтарды тіркеу кезінде кооператив басшылығы мен мүшелері арасында даулар туындауы мүмкін екендігіне назар аударады.
Типтік шарттарды міндетті тіркеуден өткізбегендіктен үй тұрғын үй құрылысы кооперативі құрылтайшыларының меншігі ретінде алғашқы тіркеуден өтіп, кооператив мүшелеріне нотариус арқылы құқықтар беріледі.
Бұл жағдайда алғашқы тіркеуді «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚхалыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы кооператив мүшелеріне бірден жүзеге асыру құрылтайшылардың меншігі ретінде кооперативке тіркелгеннен кейін нотариус арқылы рәсімдеуге қарағандақаржылық жағынан әлдеқайда тиімді екені белгілі.
Сондай-ақ депутаттар нотариустардың арасында халықтың құқықтық ақпараттанбағандығын пайдалана отырып, кооператив басшылығына қолдау білдіру, табыс табу мақсатында жаңадан берілген пәтерлерге құқықтарды ыңғайлы әрі қаржылық тиімді түрде рәсімдеу жолдары жөнінде ақпаратты жасыру, нотариаттық іс-әрекет жасау алдында түсіндірмеу жағдайлары орын алып жатқандығын көрсетеді.
Ақтоғай ауданаралық Әділет басқармасы