Баланың тууын мемлекеттік тіркеу ата-анасының немесе олардың біреуінің өтініші бойынша Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген тіркеуші органда жүзеге асырылады.
Егер ата-анасы бір-бірімен некеде тұрмаған жағдайда, баланың тууын тіркеу туралы өтінішпен бір мезгілде әке болуды анықтау туралы өтініш те беріледі.
Бұл ретте анасы туралы мәліметтер баланың тууы туралы медициналық анықтаманың негізінде енгізіледі.
Тууды тіркеу кезінде әкесі туралы мәліметтер баланың тууы туралы актілік жазбаға өзгерістер, толықтырулар енгізу арқылы:
1) әке болуды анықтау туралы ата-аналардың бірлескен өтініші (баланың анасы мен әкесі міндетті түрде келуі қажет);
2) анасы қайтыс болған, анасы қайтыс болған деп жарияланған, анасы хабар-ошарсыз кеткен деп танылған, анасын әрекетке қабілетсіз деп танылған, ананы ата-ана құқығынан айырған немесе шектеген, анасының тұрғылықты жерін анықтау мүмкін болмаған жағдайда әкесінің өтініші;
3) әкелікті анықтау туралы, сондай-ақ әке болу фактісін тану және анықтау туралы сот шешімдері (әкесі қайтыс болған немесе әке болуды анықтаудан бас тартқан жағдайларда)
негізінде енгізіледі.
Әке болуды анықтау туралы өтінішті бір мезгілде бере отырып, баланың тууын мемлекеттік тіркеу үшін құжаттарды қабылдау тікелей қызмет беруші – АХАТ бөлімдерінде жүзеге асырылады.