Екібастұз қаласы жергілікті атқарушы органдарының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдау нәтижелері туралы

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 6-бабына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының бірі – сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізу болып табылады.

Екібастұз қаласы әкімдігінің мемлекеттік органдарында және ведомстволық бағынысты ұйымдарда 2025 жылғы маусым мен 2026 жылғы мамыр аралығындағы кезеңге сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау (бұдан әрі – СЖТІТ) жүргізілді.

СЖТІТ қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің белгілері бар проблемалық мәселелер (жұмыспен қамту, тұрғын үй инспекциясы, жер қатынастары және сәулет салаларында) анықталды, оның ішінде:

Қолданыстағы нормативтік құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.

  1. «Республикалық маңызы бар қала, астана, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар шегінде жер учаскесіне құқықтар алу» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына сәйкес мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі келесі болып табылады:

1) жер учаскесін бөлу схемасын қоса бере отырып, көрсетілетін қызметті берушінің жер учаскесіне құқық беру туралы шешімі;

2) жер учаскесін сатып алу-сату немесе уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз)жер пайдалану (жалдау) шарты;

3) сәулет-жоспарлау тапсырмасы;

4) инженерлік желілерге қосуға арналған техникалық шарттар немесе мемлекеттік қызметті көрсетуден уәжді бас тарту.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Жер кодексінің
9-бабына сәйкес, жер учаскесiне жеке меншiк құқығын өтеулi түрде беру (сату) (бұдан әрi - жер учаскелерi үшiн төлемақы) немесе уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығын өтеулi түрде бepу (сату) төлемақысы (бұдан әрi - жалдау құқығын сату төлемақысы) жер учаскелерi үшiн төлемақының базалық ставкаларына түзету коэффициенттерiн қолдану арқылы шығарылатын кадастрлық (бағалау) құны негiзiнде есептеледi. Алайда жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құны туралы акт мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесіне енгізілмеген.

Осылайша, жоғарыда аталған заңнама нормаларында құқықтық қайшылық (коллизия) орын алған.

  1. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің
    2015 жылғы 30 қарашадағы №750 бұйрығымен бекітілген («Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидалары») «Құрылыс және реконструкция (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) жобаларын әзірлеу кезінде бастапқы материалдарды ұсыну» мемлекеттік көрсетілетін қызметі және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы №301 бұйрығымен бекітілген «Кент, ауыл жерлерінен жер учаскесін беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша нормативтік құқықтық актілердегі қайшылықтарды сәйкестікке келтіру қажет.
  2. Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексімен тұрғын үй қорын басқару, газ және газбен жабдықтау, сондай-ақ елді мекен шекарасы шегінде әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріндегі өнеркәсіптік қауіпсіздік салаларында мемлекеттік бақылауды жүзеге асырудың бірыңғай тәртібі белгіленген (Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 29 қазандағы № 375-V Кәсіпкерлік кодексі, бұдан әрі – Кодекс).

Тұрғын үй инспекциясы үшін тексерілетін субъектілерге тұрғын үйлерді басқару органдары, әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріндегі қауіпті техникалық құрылғылардың иелері болып табылатын жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ газды тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар жатады.

Кодекстің 137-бабында (5-тармақ) тексеруді және (немесе) профилактикалық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың іс-әрекеттері айқындалған.

Кодекстің 145-бабының 1-тармағына сәйкес бақылау және қадағалау органының бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актісі негізінде бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру жүргізіледі.

Осыған байланысты тұрғын үй инспекциясының мамандары тексеру және (немесе) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізілуі мүмкін субъектілерге баруды, сондай-ақ олардан қажетті ақпаратты сұратуды тек бақылау және қадағалау органының тексеруді тағайындау туралы актісі негізінде ғана жүзеге асырады. Алайда жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау барысында комиссиялық тексеру жүргізу, басқару объектілерінің кеңселеріне бару, қажетті ақпаратты сұрату талап етіледі.

Осылайша, Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің
137-бабы 5-тармағына мемлекеттік бақылаудың бекітілген тексеру парақтарына қатысты мәселелерді қозғамайтын, әлеуетті бақылаудағы субъектілерге бару және олардан қажетті ақпаратты сұрату құқығын көздейтін толықтырулар енгізу қажет.

Мемлекеттік қызметтерді көрсетуге байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау

  1. Қызмет алушы мен лауазымды тұлға арасындағы тікелей байланысты болдырмау мақсатында «Тракторлардың және олардың базасында жасалған өздігінен жүретін шассилер мен механизмдердің, монтаждалған арнайы жабдығы бар тіркемелерді қоса алғанда, олардың тіркемелерінің, өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы, мелиоративтік және жол-құрылыс машиналары мен механизмдерінің, жүріп өту мүмкіндігі жоғары арнайы машиналардың кепілін мемлекеттік тіркеу (тіркеуден алу), өзгерістер мен толықтыруларды (оның ішінде, меншік құқығының басқа адамға ауысуы, талап ету құқығын басқаға беру, кейіннен кепілге (қайталама кепілге) салу) тіркеу және тіркелген кепілдің қолданысын тоқтату, сондай-ақ кепілді мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті немесе телнұсқаны беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметін www.egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталы, ақпараттық жүйелер арқылы өтінім беру жолымен электрондық форматқа көшіру.
  2. 2021 жылғы 25 наурыздағы №84 бұйрықпен бекітілген «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды тіркеу, біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы төлеу, куәлік беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет қағидаларына куәлік иесіне оның жоғалу жағдайларын қоспағанда (бүлінуі, табиғи тозуы, оқылмауы және т.б.) куәліктің телнұсқасын беру бөлігінде толықтыру енгізу.

Қаржылық-экономикалық қызметке байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау

  1. Бірыңғай ұйымдастырушыға конкурстық құжаттама жобасын дайындау кезінде техникалық ерекшеліктерді, біліктілік талаптарын және шарт жобасын белгілі бір өнім берушілерге бейімделген негізсіз жоғары талаптардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделмеген, әкімшілендірілмейтін талаптардың болуына тұрақты түрде тексеру жүргізу жөніндегі міндетті талаптарды заңнамалық деңгейде бекіту.

Ақпараттық жүйелерді әзірлеу және пайдалану саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.

  1. «Еңбекші көшіп келушілерге рұқсаттар беру, ұзарту және кері қайтарып алу» мемлекеттік қызметін көрсету кезінде Migration.enbek.kz ақпараттық жүйесіндегі электрондық үлгілерді нормативтік құқықтық актілерде бекітілген талаптарға сәйкестендіру; жүктелетін файлдарда ЭЦҚ мөртаңбаларының көрсетілуіндегі техникалық ақауды жою және медициналық мәліметтердің толық көлемде дұрыс берілуін қамтамасыз ету мақсатында интеграциялық шлюздерге тексеру жүргізу.
Екібастұз қаласы жергілікті атқарушы органдарының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдау нәтижелері туралы
Дата публикации
16 сентября 2026