
Облыс орталығында қысқы спорт түрлерін дамыту, балалардың қызығушылықтарын арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында жоспарлы іс-шаралар өткізіліп жатыр.
Осы мақсатта қаланың барлық 42 жалпы білім беретін мектептерінде 2019 жылдың 20 қарашасынан бастап мұз айдынын құю жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда қаланың 38 мектебінде мұз айдыны бар.
Мектеп аумақтарында шаңғымен айналысу үшін дистанциясы 200 метрлік үлкен шеңбер және 100 метрлік шағын шеңберлі екі шаңғы жолы төселетін болады. Трассаларда мектеп оқушыларынан басқа шағын аудандардың балалары мен тұрғындары шаңғы тебе алады. Қысқы спорт түрлерімен айналысу үшін мектептерде 193 коньки, 805 шаңғы бар.
Қала мектептерінде 3000-нан астам оқушы қысқы спорт түрлерімен айналысады және шәкірттер айтулы спорттық жетістіктерге жеткен. Соның ішінде мәнерлеп сырғанау бойынша Қазақстан чемпионы № 16 лицей-мектебінің 5 сынып оқушысы Глушко Мария, хоккейден - 8 сынып оқушысы Чернышев Данил, 5 сынып оқушысы Мелехов Артур, республикалық және халықаралық жарыстардың жүлдегері № 14 ЖОМ 9 сынып оқушысы Смелов Никита, хоккей бойынша спорт шеберіне үміткер № 42 ЖОМ 7 сынып оқушысы Шабалкин Георгий сияқты жас спортшыларымызды атап өту керек.