
Павлодар қаласының А. Шамкенов атындағы мектеп-лицейдің тарих пәнінің мұғалімі Теміров Ербол ІТ-саладағы терминология бойынша республикалық байқаудың жеңімпазы атанды. Байқау Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі тіл саясаты комитетінің Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық Ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өтті.
Ұйымдастырушылар байқау алғаш рет 2020 жылы мемлекет қайраткері Әлихан Байменовтың «Қазақы терминдерді халық жасайды» бастамасы бойынша өткізілгенін атап өтті. Бұған дейінгі байқаулар туризм, қазақы мәзір және басқа тақырыптар бойынша өткен еді.
Конкурс қашықтықтағы форматта 2 мамыр-9 маусым аралығында төрт кезең бойынша өтті. Бірінші кезеңде қатысушылардың ІТ саласындағы білімі мен терминдерді аудару біліктіліктері сыналды. Екінші кезеңде қатысушылар іріктеліп алынған терминдердің этимологиясын ашты. Үшінші кезеңде бес терминді іріктеп алып, олар бойынша өз баламаларын ұсынған бейнебаян түсірді. Төртінші кезеңде отыз термин бойынша олардың мәнін ашып, жаңа нұсқаларды ұсынулары тиіс болды.
Ербол Рахметоллаұлы А. Шамкенов атындағы лицей-мектепте 2022 жылдан бастап істейді. Осы оқу жылында ол дайындаған 9-сынып оқушысы Анна Ивбуль «Құқық негіздері» пәнінен қалалық олимпиадада бірінші, облыстық кезеңде екінші орын алды және «Менің кіші Отаным» жас тарихшылар байқауында жүлделі екінші орын алды.