
Газеттердің редакциларына, www.enpf.kz сайтына, әлеуметтік желілердегі БЖЗҚ парақшаларына, Қордың байланыс орталығына зейнетақы жинақтары мен жалпы зейнетақы жүйесі туралы көбірек білгісі келетіндерден сауалдар келіп түседі. Олардың ішіндегі ең көп қойылатын сауалдарға жауапты «БЖЗҚ сұрақтарға жауап береді» айдарынан оқи аласыздар.
Қайырлы күн! Мен тұтынушылық несие бойынша төлемнің мерзімін өткізіп алдым, енді сот болайын деп жатыр. Сот орындаушылары берешегімнің орнын толтыру үшін менің зейнетақы жинақтарымды БЖЗҚ-дан ала ала ма? Мұндай жағдайда болашақта зейнетақысыз қаламын ба?
ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 50-бабының 3-тармағына сәйкес, салымшының (алушының) борыштары бойынша зейнетақы жинақтарына тыйым салуға немесе ақша өндіріп алуға жол берілмейді.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 98-бабы, 14) тармақшасына сәйкес, салымшының (алушының) борыштары бойынша зейнетақы жинақтары – өндіріп алуға болмайтын қаражат сомасына жатады.
Осылайша, сіздің жеке зейнетақы шотыңыздағы зейнетақы жинақтарын сот орындаушысының немесе кез-келген үшінші тұлғаның өндіріп алуы мүмкін емес.