
Осы жылдың 21-25 ақпан күндері «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша мемлекеттік грантқа құжаттарды қабылдау басталады. 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлердің мемлекеттен материалдық қолдау 2 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін алу мүмкіндігі бар.
Биыл байқауға қатысуға өтінімдер qoldau.kz порталы арқылы онлайн режимінде қабылданады. Порталға кіру ЭЦҚ арқылы жүзеге асырылады. Барлық құжаттар PDF форматында тіркелуі керек. Грант алудың міндетті шарты бизнес-идеяның жаңашылдығы мен жаңа жұмыс орындарын ашу болып табылады.
Грант үлестіру конкурсына шағын бизнес өкілдері, оның ішінде кәсібін енді бастаған кәсіпкерлер қатыса алады. Бастысы олардың бизнес идеялары Үкімет Қаулысымен бекітілген экономиканың басым секторларымен байланысты болуы шарт (экономиканың басым секторлар тізімін @upiir_pavlodar профиліміздегі сілтеме бойынша жүктеп ала аласыздар).
Өтініш беру кезінде үміткерлер үлгіге сай жасалған бизнес-жоспар; берілетін мемлекеттік грант көлемінің кемінде 10 %-ы мөлшерінде бизнес-жобаны іске асыруға арналған шығыстарды бірлесіп қаржыландыруды растайтын құжаттар; кәсібі экономиканың басым секторларында болатынын растайтын жеке кәсіпкердің тіркелгені туралы хабарламаның көшірмесі; қызметкерлердің орташа саны туралы анықтама; кәсіпкердің мерзімі 2 жылдан аспайтын «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша оқуды аяқтағанын растайтын құжаттың көшірмесін (болған жағдайда), өтініш берушінің халықтың әлеуметтік осал топтарына жатқызу мәртебесінің болуын растайтын құжат (болған жағдайда) тапсыру керек.
Қажетті құжаттар тізімін және бизнес-жоспар үлгісін @upiir_pavlodar парақшамыздың маңдайшасындағы сілтеме арқылы жүктей аласыздар.
Бұл жолғы конкурс жасы 29-дейінгі жас кәсіпкерлерге арналған, ал жылдың екінші жартысында жас ерекшелігіне шектеу қойылмаған тағы бір конкурс өткізілетінін естеріңізге саламыз.
Сұрақтарыңыз болса, @upiir_pavlodar-ға жазуларыңызды сұраймыз. Жиі қойылатын сауалдардың жауаптарын қосымша ақпарат түрінде жариялайтын боламыз.
Анықтама телефоны: 8 (7182) 78-78-19, WhatsApp: +7 705 609 2074