
Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы
Талғат ҚАЛЫШБЕКОВ:
"Әділ әрі демократиялық сайлау болатынына сенімдімін!"
Ағымдағы жылдың 25 мамырында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына түзетулерге қол қойды. Өзгерістер аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды енгізуді көздейді. Ауылдық округ әкімдерін сайлау 25 шілдеге белгіленген.
Баянауыл ауданында әкім сайлауы қалай ұйымдастырылады? Әкім лауазымына кімдер үміткер бола алады? Осы сауалдарға жауап алу үшін аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Талғат Қалышбековпен әңгімелескен болатынбыз.
– Талғат Маратұлы, ауылдық округ әкімдерін сайлау қалай өтеді?
– Қазақстанда 2021 жылдың шілдесінен бастап алғаш рет ауыл әкімдерінің сайлауы өтеді. Бұл туралы Мемлекет басшысының ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарында айтылған.
Сайлау заңнамасына сәйкес аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Дауыс берге тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің халқы қатысады. Үміткер ретінде жиырма бес жастан төмен емес Қазақстан Республикасы азаматтары таңдалады және ол төрт жыл мерзімге қызметке сайланады.
– Баянауыл ауданында алғашқы лекте қай ауылдық округтердің әкімі сайланады, кандидаттарды тіркеу қалай жүргізілуде?
– Кандидаттарды ұсыну «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес 26 маусымда басталды. Тіркелу 9 шілдеде жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады. Әкімдікке кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттарды алғаннан кейін басталады және 14 шілдеде аяқталады.
2021 жылғы 25 маусымда Баянауыл ауданы аумақтық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, «2021 жылғы 25 шілдеге тағайындалған Баянауыл ауданы Ақсаң, Бірлік, Сәтбаев, Ұзынбұлақ ауылдық округтері әкімдерінің сайлауын дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспарын бекіту туралы» қаулы қабылданды.
– Әкімдік лауазымға бір ауылдық округтен қанша үміткер түсе алады? Партиялардан қанша үміткер болады?
– Сайлау туралы Заңға сәйкес, әр саяси партиядан тек 1 ғана кандидат ұсынылады. Сонымен бірге өзін-өзі ұсыну арқылы, қандайда бір саяси партия мүшелігінде болмаса да, 25 жастан асқан жоғарғы білімді кез-келген азамат үміткер ретінде өтініш беруге құқылы. Ең басты талаптардың бірі – өзін-өзі ұсынған үміткерге қол қою парағы беріледі. Онда ол өзі сайланатын ауылдық округ сайлаушыларының жалпы санының 1 процентінен қолдап таңдаушылардың қолдарын жинауға тиісті. Қабылданған өтініштер құзырлы заңды орындарға жолданады. Тексеріс қорытындысында құжаттар талапқа сай болса, азамат кандидат ретінде тіркеледі.
Бүгінгі күні аудандық аумақтық сайлау комиссиясына өзін-өзі ұсыну арқылы 1 азаматтан өтініш түсті. Аталған құжаттар тексеруден өткізу үшін тиісті мекемелерге тапсырылды.
Сайлау туралы толық ақпаратпен Баянауыл ауданы әкімінің ресми сайтында танысуға болады.
– Комиссия мүшелерінің дайындығы қалай?
– Баянауыл ауданы бойынша 4 ауылдық округте 10 сайлау учаскесінде 50 комиссия мүшесі 5-25 шілде аралығында жұмыс жасайды. Әр сайлау комиссиялары 5 шілде күні сайлаушылардың тізімін алады. Жалпы сайлауға қатысушылардың саны – 2423 азамат.
Барлық комиссия мүшелері қашықтықтан оқыту және тестілеуден өтіп, сертификат алады. Учаскелік комиссия төрағалары және аудандық аумақтық сайлау комиссия мүшелері 7-8 шілде күндері ZOOM платформасы арқылы мемлекеттік басқару академиясының ұйымдастыруымен өткізілетін онлайн оқытудан өтеді.
Сайлау учаскелері қажетті құралдармен жабдықталған. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі сайлаушыларға арналған кабина, арнайы бұрыш және қажетті құралдары жеткілікті. Биылғы жағдайға байланысты комиссия мүшелерінің сақтық шаралары үшін барлық санитарлық талаптар сақталады.
Жалпы сайлауға қатысатын 57 комиссия мүшелерінің 8-і (14%) денсаулықтарына байланысты егуден өткізілмейді, 31-і (63%) бүгінгі күні вакцина алған. Екпе алу жұмыстары жалғастырылуда.
Дауыс беру залдарында комиссия мүшелеріне, бақылаушыларға және сайлаушыларға арналған орындар санитарлық талаптарға сай орналастырылған.
Осы сайлаудың тағы бір ерекшелігі – сайлаушы бюллетенінде "Барлығына қарсымын!" бағаны болады.
– Сайлау қорытындысы қашан шығарылады?
– Сайлау қорытындылары Баянауыл аудандық аумақтық сайлау комиссиясының отырысында учаскелік сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде сайлаудан кейін үш күн мерзімде, яғни 28 шілде күніне дейін шығарылады.
– Талғат Маратұлы, ауылдық округ әкімдерінің сайлауы билік пен бұқара арасындағы байланысты қаншалықты нығайта алады? Сіз бұл тәжірибеден не күтесіз?
– Биылғы сайлау ауыл халқы өзінің басшысын өзі сайлап алатын әділ әрі демократиялық сайлау болады деп сенемін.
– Сұхбатыңызға мың алғыс! Сайлау сәтімен өтсін! Халыққа жанашыр іскер азаматтар жеңіске жететініне сенімдімін!
Әңгімелескен Еламан ХАСЕНҰЛЫ.