
Көкшетау техникалық институты «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша жоғары білімді, жоғары моральдік және іскерлік қасиеттері бар, төтенше жағдайлар органдары мен бөлімшелерінде қызмет ету үшін әртүрлі сипаттағы төтенше жағдайларда міндеттерді шешуге қабілетті білікті офицерлерді даярлайтын жоғары оқу орны болып табылады. 2011 жылдан бастап «Төтенше жағдайларда қорғау» және «Азаматтық қорғаныстың командалық тактикалық күштері» екі жаңа мамандық енгізілді.
Курсанттарды оқыту республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады, курсанттар оқудың барлық кезеңінде тегін киім-кешекпен, тамақпен және мемлекеттік стипендиямен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ оларға каникулдық демалыс кезеңінде жол жүру ақысы төленеді. Институтта күндізгі оқудың толық курсын, атап айтқанда – 4 жыл аяқтаған адамдар үшін оқу уақыты мерзімді әскери қызмет өткерумен теңестіріледі.
Азаматтарды күндізгі оқуға қабылдау төрт кезеңде жүзеге асырылады:
Бірінші кезеңде қабылдау комиссиясы талапкерлердің жеке істерін зерттейді және ҰБТ және КТ нәтижелері бойынша іріктеу жүргізеді;
Екінші кезеңде денсаулық жағдайы боцынша оқуға түсуге жарамдылығын анықтау мақсатында медициналық және психофизиологиялық көрсеткіштер бойынша іріктеу жүргізіледі;
Үшінші кезеңде талапкерлер бекітілген нормативтерге сәйкес дене дайындығы бойынша сынақ тапсырады: белтемірге тартылу, 100 м жүгіру, 3000 м жүгіру.
Төртінші кезеңде қабылдау комиссиясы конкурстық іріктеуді және оқуға қабылдауды жүзеге асырады.