
Салымшылардың табыс деңгейіне қарай МЗЖ есепке алынатын белсенді жеке шоттардың құрылымында да оң өзгерістер байқалады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша (2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай) ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) төмен табыстан жарна төленетін шоттардың үлесі 12%-дан 9%-ға дейін қысқарды. Мұндай шоттардың саны 838,3 мыңнан 652,4 мыңға дейін, яғни 22,2%-ға азайды. Олардың қатарына жұмыс күні толық емес немесе ауысымдық жұмыспен қамтылған салымшылар жатады.
Сонымен бірге жоғары мөлшердегі табыстан жарна түсетін шоттардың да саны артты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша медиандық жалақыдан орташа айлық жалақыға дейінгі аралықтағы табысы бар белсенді шоттардың үлесі 44%-дан (2025 жылғы 1 қаңтардағы) 45%-ға (2026 жылғы 1 қаңтарда) дейін өсті. Ал мұндай белсенді шоттардың саны 3,17 млн-нан 3,28 млн-ға дейін артты.
Бұл динамика ресми жұмыспен қамту және табыстың өсуін ғана емес, азаматтардың өз табыстарынан жарналарды ашық әрі толық көлемде төлеу арқылы қалыптастыруға ұмтылысын да көрсетеді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша жалдамалы қызметкерлердің жүйемен қамтылу деңгейі 91%-ға жетті. Бұл олардың толық дерлік қамтылғанын және зейнетақы жинақтарын қалыптастырудағы белсенділіктерін көрсетеді.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасында қамту деңгейі төменірек. Осыған байланысты халықаралық оң тәжірибені ескере отырып, оларды зейнетақы жүйесіне тарту бойынша кешенді шараларды іске асыру қажет. Бұл аса маңызды, өйткені базалық зейнетақы мөлшері де еңбек өтіліне байланысты. Ал еңбек өтілі БЖЗҚ-ға МЗЖ-ның ай сайын түсуі негізінде айқындалады.
Осылайша, қазіргі жағдайда зейнетақы жинақтарын қалыптастыру зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі табысты қамтамасыз ету тетігі ғана емес, сонымен қатар қоғамның қаржылық мәдениеті мен азаматтардың қаржылық дербестігінің маңызды элементіне айналып келеді.
Азаматтар өз шоттарының жай-күйін үнемі бақылап, БЖЗҚ-ның электрондық сервистерін пайдаланады, инвестициялық кірісті қадағалап, зейнетақы активтерін басқару мүмкіндіктерін зерделейді. Азаматтардың өз жинақтарын қалыптастыруға қатысуы, жарналарды тұрақты түрде төлеуі және жинақтарды басқаруға қызығушылық танытуы Қазақстанда ұзақ мерзімді қаржылық жоспарлау мәдениетінің біртіндеп қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Бұл ретте болашақтағы әл-ауқат үшін жауапкершілік мемлекет, жұмыс берушілер және азаматтардың өздері үшін ортақ міндетке айналуда.