Зейнетақы жинақтарын басқару мүмкіндіктерінің кеңеюі салымшының жауапкершілігінің де артуын білдіреді. ИПБ-ны таңдау – салымшының дербес шешімі. Ол ұсынылатын инвестициялық стратегияны, инвестициялық портфельдің құрылымын, тәуекел деңгейін және активтерді басқару нәтижелерін өз бетінше бағалайды.
Заңнамада зейнетақы жинақтарын қорғаудың кешенді жүйесі көзделген:
- ИПБ-ның қаржылық жауапкершілігі. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап табыстылықтың эталоны ретінде қолданылатын композиттік индекстер жүйесі енгізілді. Егер инвестициялық портфельдің табыстылығы белгіленген бағдардан төмен болса, басқарушы компания айырманы өз капиталы есебінен салымшыға өтеуге міндетті.
- Тәуелсіз кастодиан-банк. Барлық активтер кастодиан-банкте (тәуелсіз ірі банкте) сақталады. Ол активтердің заңнама талаптарына сәйкес орналастырылуын бақылайды. Бұл ретте активтер салымшының БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотында (ЖЗШ) есепке алынуын жалғастырады және ИПБ-ның меншікті активтерінен бөлек сақталады. ИПБ банкрот болған жағдайда салымшылардың зейнетақы активтері оның міндеттемелерін орындауға пайдаланылмайды.
- Инвестициялық шектеулер және әртараптандыру. Реттеуші ИПБ инвестициялай алатын қаржы құралдарының тізбесін белгілейді. Олардың қатарына Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздары, қазақстандық және шетелдік ұйымдардың үлестік және борыштық бағалы қағаздары, сондай-ақ тиісті кредиттік рейтингі бар екінші деңгейдегі банктер мен бейрезидент-банктердегі салымдар кіреді. Жоғары тәуекелді цифрлық және криптоактивтер бұл тізбеге енгізілмеген, сондықтан зейнетақы жинақтарын оларға инвестициялауға жол берілмейді. Сонымен қатар заңнамада инвестициялау лимиттері белгіленген. Әрбір ИПБ реттеуші талаптарын ескере отырып, өзінің инвестициялық декларациясында басқару стратегиясын дербес айқындайды.
- Басқарушы компанияларға қойылатын талаптар. Зейнетақы активтерін басқаруға қаржылық тұрғыдан орнықты ИПБ ғана жіберіледі. Ол реттеушінің капитал жеткіліктілігіне, клиенттердің активтерін басқару тәжірибесіне, сондай-ақ ірі акционерінің немесе рейтингі «BBB» деңгейінен төмен емес бейрезидент акционерінің болуына қатысты реттеушінің талаптарына сәйкес келуі тиіс. Зейнетақы активтерін басқаруға рұқсат берілген ИПБ-лар тізілімі ҚНРДА мен БЖЗҚ-ның ресми интернет-ресурстарында жарияланған. Қазіргі уақытта зейнетақы активтерін басқару алты компанияның құзыретінде: «Alatau City Invest» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ[1], «Halyk Finance» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ және «Tansar Capital» АҚ. ИПБ тізілімнен шығарылған жағдайда салымшылардың зейнетақы жинақтары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқаруына қайтарылады.
[1] "Halyk Global Markets" АҚ 2027 жылдан бастап сенімгерлік басқару туралы шартты бұзу туралы хабарлама жіберді. Осыған байланысты БЖЗҚ 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салымшылардың зейнетақы активтерін оның басқармасына ауыстыру туралы жаңа өтініштерін қабылдамайды.