
Ағымдағы жылдың қыркүйек айындағы жағдайы бойынша Павлодар облысының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы үлесі 19,1 млрд теңгені құрады. Қорда барлығы 423,1 млрд теңге жинақталған. Мемлекет медициналық сақтандыру жүйесіне негізгі төлеуші болып қала береді, ол 15 жеңілдік санаты үшін жарна төлейді. Мемлекеттің жарналары 197,2 млрд.теңгені құрады.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер өздерінің жалдамалы қызметкерлері үшін жалақы қорынан жарна төлеуді жалғастыруда. Ай сайынғы төлем қызметкердің табысының 2% құрайды.
Жыл басынан бері жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының басшылары, жеке практикамен айналысатын адамдар, жалдамалы қызметкерлер, дербес төлеушілер және мемлекет азаматтардың жеңілдікті санаттары үшін жарна аудара бастады.
Жарналарды Екінші деңгейдегі банктер, Қазпошта бөлімшелері, Екінші деңгейдегі банктердің терминалдары мен мобильдік қосымшалары, сондай-ақ медициналық ұйымдарда орнатылған өзіне-өзі қызмет көрсету төлем терминалдары арқылы төлеуге болады.
«МӘМС үшін жарналар мен аударымдар Ұлттық банктегі арнайы шотқа түседі, содан кейін қаражат қормен шарт жасасқан медициналық ұйымдардың атына МӘМС пакеті бойынша көрсетілген медициналық қызметтерді төлеуге жіберіледі» - "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Н.Қ.Қасымов атап өтті.
Сұрақтарыңыз болса "ӘМСҚ" КЕАҚ Павлодар филиалына 704123, 704124 телефондары немесе Qoldau-24/7 ұялы қосымшасы арқылы хабарласа аласыздар.
«Әлеуметтік медициналық
сақтандыру қоры» КЕАҚ
Павлодар облысы
бойынша филиалы