
Адамзатқа ертеден таныс сыбайлас жемқорлық- заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Басқа дамушы елдер сияқты, біздің мемлекетті де жегі құрттай бұл дерт айналып өткен жоқ.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы қабылданғаннан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер дәйектілікпен жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы шаралар мен көкейтесті мәселелерді шешуде заңдылықты жетілдіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жалпы алғанда, қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде сыбайлас жемқорлық көріністерінің азаюы байқалады.
Сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін, ең қауіпті түрі ол -парақорлық. Бірінші кезекте пара берудің себептерін, пара алудың жағдайларын түп-тамырымен жою үшін қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Яғни пара беру де, пара алу да пайдалы болмайтындай, үлкен қылмыс ретінде саналатындай жағдай, қоғамдық сана қалыптасуы қажет. Парақорлық мемлекеттік аппараттың қалыпты қызмет етуіне бөгет болып, билік пен басқару органдарының беделіне нұқсан келтіреді және заңдылық қағидаларын жоққа шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделеріне қысымшылық жасайды. Қазір парақорлықтың алдын алу, жолын кесу, ашу және тергеу жұмыстары тиісті органдармен жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі таңда әлеуметтік аурудың алдын алу және әшкерелеу үрдісі жылдан жылға өсе түсуде. Парақорлықпен елімізде көбіне-көп қолында билігі бар, шешім шығаруға, бөліп бергізуге өкілеті жететін қызметкерлер жиі айналысып отырғаны да көпке мәлім.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстардың белгісімен іс қозғаудың бір негізі-азаматтардың арызы. Әрбір азамат өзінің конституциялық құқығын қорғауға міндетті, қандай да болмасын «қолы да, жолы да ұзын» адамдар азаматтардың құқығын таптап, заңсыз әрекеттерге баратын болса әділдікті орнатушы құқық қорғау органдары. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп қара қылды қақ жарып, турасын айтып, әділдікке жүгінген қаймана халықтың ұрпағы бүгінгідей өз алдына ел болып, еңсесі биік мемелекеттердің қатарына жетуді көздеп отырған шақта сол адами қалып-парасат биігінен көрінуге тиіспіз.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Заңда мемлекеттік органдардың, ұжымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігінің шегінде өздерінің кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті деп көрсетілген.
Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтармен айналысуының негізгі себептеріне мыналарды жатқызуға болады:
-Мемлекеттік қызметшілердің құқықтық білім дәрежесі мен әдептілік ұстанымының төмен болуы;
-Мемлекеттік органдардың қызметтік тәртібінің төмен әрі кәсіби әдептілігінің жетіспеуі мен құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы;
-Кейбір мемлекеттік қызметшілердің мемлекет мүддесін емес, өзінің жеке басының қамын күйттеуі;
-Кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы заң талаптарын орындау жөніндегі жұмысының мардымсыздығы.
Әрине, сыбайлас жемқорлық сылып тастайтын сыртқы жара емес, бұл тамырын тереңге жайған, өзге сау органдарын шырмап, тыныс-тіршілігін тарылтатын, сөйтіп олардың толыққанды қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дерт. Оны емдемес бұрын аурудың пайда болу, даму, таралу жолдарын біліп, дерттің қозуына, қолайлы жағдай тууына жол бермеу керек. Ол үшін бұл ауруға қоғам болып қарсы тұруымыз қажет. Яғни бұқара көпшілік тарапынан сыбайлас жемқорлық көрністеріне қолдан келгенше тосқауыл қойылып, қолында билігі бар азаматтар осы жолда өзгелерге үлгі болуы тиіс. Сонда ғана халық сенімінің мүддесінен шығатынымыз сөзсіз.
Сыбайлас жемқорлық ел экономикасының көтерілуіне үлкен кедергі келтіріп отырған қоғамдағы асқынған дерттің бірі болып тұр. Қазіргі уақытта мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы мәдениет деңгейін жоғарылату, адамдар арасында жемқорлыққа қарсы сана қалыптастыру болып табылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет дегеніміз-бұл адамның саналы түрде адамгершілік қасиетімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруы, пара сұрамауы, пара бермеуы және мемлекет мүлкіне қол сұқпауы.
Сыбайлас жемқорлықпен күресті жеке қарау мүмкін емес. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жүзеге асырушы органдармен қатар барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге міндетті. Осы талаптарды білсе де кейбір мемлекеттік қызметкерлер жемқорлыққа жол береді. Мүмкін, заңды білмегеннен, әлде бір жолға ештеңе болмас деп, қаншама адамдар өзінің көп жыл атқарған жұмыстарын, көп жыл бойы жинаған тәжірибелерін жоққа шығарып жатады.
Аудандық аумақтық инспекциясыының басты міндеті- аудан аумағында фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Ауыл шаруашылығы дақылдарының зиянды және аса қауіпті зиянды ағзалары мен карантиндік нысандардың таралуының алдын алу мақсатында мониторингтік және химиялық күрес шараларының ұйымдастырылуын бақылап- қадағалау болып табылады. Жалпы инспекция мамандары мемлекеттік қызмет көрсетету барысында кәсіпкерлермен жиі байланыста болатындықтан сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары мекемелер санатына жатады. Сондықтан Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Өсімдіктерді қорғау туралы», «Өсімдіктер карантині туралы» Заңдары мен «Кәсіпкерлік және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстері және басқа да нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алып жұмыс жүргізеді.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың алдын алу және заң бұзушылық іс-әрекеттерді болдырмау мақсатында инспекция кеңсесінде арнайы стендтерде мемлекеттік қызмет стандарттары бойынша түсіндірмелер және сенім телефондары көрсетілген. Мемлекеттік қызметті алушылар үшін қолжетімді жерлерде «Ұсыныстар мен пікірлер үшін» арнайы жәшік орналастырылған.
Баянауыл аудандық аумақтық
инспекциясы басшысының м.а. М.Түселбай