«Наурыз –жаңғыру мерекесі»

«Наурыз –жаңғыру мерекесі»

Биылғы Наурыз мерекесін  Павлодар ауданының тұрғындары ерекше қарсы алып, жоғары деңгейде іс-шаралар ұйымдастырылды. Кемеңгер ауылында Ұлыстың Ұлы күніне арналған  «Наурыз – жаңғыру мерекесі» салтанатты шарасы өтті. Шараға аудан әкімі Николай Дычко қатысып, барша аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады.

 

Кемеңгер ауылында Наурыз тойы аудандық мәдениет үйінің ауласында өтті. Аулаға қазақтың алты қанатты ақ ордалары бой көтеріп, әдемі сахна құрылды. Ауыл тұрғындары мен қонақтар да Ұлыстың ұлы күніне деген құрметтерін білдіріп, ұлттық нақыштағы киімдер киген, жүздерінен мерекенің шуағы мен шаттығы сезіледі.

Ақтан келдік, ақтан келдік,

Күн шығып, айытуған жақтан келдік.

Біз айтсақ жарапазан әдет құрып,

Ұлылар жолын қуып атқа міндік, - деп ауыл жастары барша жиналған қауымның алдына шығып, Наурыз мерекесі келгенін, Ұлыстың Ұлы тойы басталғанын айтып жар салды.

Мерекелік думанның шымылдығы Қыдыр Атаның ақ батасымен, бақ тілегімен ашылды. Одан кейін сахна төріне аудан әкімі Николай Дычко шығып, барша аудан тұрғындары мен қонақтарын Наурыз мерекесімен құттықтады.

– Қымбатты ағайындар, құрметтіжерлестер! Наурыз мейрамы құтты болсын! Баршаңызға шын жүректен денсаулық тілеймін, аспанымыз ашық, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын, - деген ізгітілегін білдірді.

Той үстінде ықылым заманнан бері ұмытылмай келе жатқан қазақтың ұлттық салт-дәстүрлер жиынтығы көрсетілді. Ақ жаулықты әжелер кейінгі ұрпақ қаүлгі, жастарға өнеге болсын деген ниетпен жаңа туған сәбиге ат қою, бесігін аластау және бесікке салу рәсімдерін көрсетті. Сонымен қоса, дәл Наурыздың қарсаңында дүниеге келіп, Наурызбен бірге бір жасқа толған сәбидің тұсауы кесілді. Одан соң атқа мінер жасқа келгенде бүкіл ел-жұрт құрметтеп, сүйіншілеп Ашамайға мінгізді. Ат жалын тартып, тізгін ұстар жасқа келген балаға ауыл ақсақалдары батасын берсе, ауданымыздың басшысы Николай Дычко мырза сүйіншісіне қазақтың қара домбырасын тарту етті.

 

Осыдан кейін ауыл өнерпазы Елдана Дүйсенова  «Наурыз думан» әнін шырқаса, «Назқоңыр» вокалдық тобы «Той базар» әнін айтып мерекенің сәні мен салтанатын асырды. Сонымен қатар, Ұлыстың Ұлы күніне орай дүбірлі тойға тамылжыған күйін ала келген «Желдірме» домбыра ансамблі де өз өнерлерін көрсетті. Ал Айдана Бейсембаева «Көктем келді»,  Оксана Витковская және «Версаль»  би тобы «Наурыз – көктем» әнімен сый жасады.

 

Мереке қарсаңында жиналған қауым арасында қошқар көтеру, аударыспақ, арқан тарту және гир тасын көтеру спорты бойынша сайыстар өтіп жеңімпаздар марапатталды. Заря ауылының тұрғыны Нұрлан Уахит салмағы 55 келілік қошқарды 50 рет көтеріп, жеңіске жетті. Жеңімпазға аудан әкімі жүлдеге тіккен қошқардың өзі тарту етілді.

 

Ал аударыспақ ойындары да ерекше тартысты болды. Білекті де жүректі жігіттер қатысқан палуандар бәсекесінде кіл мықтылар жеңіске жетті. «Ұмыт болған ұлттық тағамдар»  фестивалінің жеңімпаздары да сый-сияпатқа ие болды.