Павлодар ауданының аумағы 18 ғасырдың екінші жартысынан бастап әкімшілік бірлік ретінде қалыптаса бастады. 1770 жылдың ортасынан бастап Коряковка станица мәртебесіне ие болған кезден бастап, оған жақын орналасқан Песчан, Пресное, Чернорецк, Григорьевск, Черноярка, Подстепное, Новоямышево және Ямышево (Жоғарғы-Ертіс линиясының бұрынғы бас қамалы) казак ауылдары тартыла бастады. 1879 жылдан кейін олардан Песчан және Ямышево бөлініп шықты.
1917 жылға дейін I Петр бекіткен иерархия сақталды: форпосты бірнеше урядникпен елубасы басқарды; екі-үш редуттарды жүзбасылар басқарды. Есаулдарға екі-үш жүздіктерден құралған полктар бағынды. Үш полк – бригада. Барлығы корпус болып саналды.
Коряков көлі барлық қызығушылықтардың негізі болып табылды. Ол 1745 жылдан бастап Тобольскіге бағынышты аумақтардың құрамына кіріп, 1900 жылға дейін Батыс Сібір губернаторының бақылауында болды.
Қоныс аударушылар келгенге дейін жағалаудан бастап Павлодар станицасына қарасты бұрынғы қалмақ ұлысы Заңғарға дейін он шақырымдық белдеу сақталды. Одан әрі шығыс, солтүстік және оңтүстікке қарай Аққұдық, Басқұдық, Байдала, Бесапан, Жаманқұдық, Жертұмсық, Жетібай, Сарыбие, Қаракөл, Әйтей (Кеңес), Көкжол, Қоғалы, Көктөбе, Қосқой, Қособа, Сапар, Сарыөзек, Толыбай, Шұңқыркөл, Шәукен. Олар XVII-ғасырда форпостарға жақын орналасқан ауылдар және Семей ішкі округтары руларының көшпелі қоныстар еді.
Павлодар ауданының аумағында 1903 жылға дейін қазақтардың және қоныс аударушылардың Березовка, Дубровка, Жәдігер, Маралды, Коряковка, Крестьян, Павлодар болыстары болды.
1903 жылдан 1910 жылға дейін Қазақстанға Ресей, Белорус, Украина, Молдовадан шаруалардың қоныс аударуына байланысты Павлодарға жақын орналасқан аумақта Столыпин болысы құрылды. Павлодар уездін аудандарға бөлу кезінде Коряковка (1927) және Павлодар (1928) аудандары құрылды. 1938 жылы екі ауданды біріктіру арқылы Павлодар ауданы пайда болды.
1928 жылы Қазақ АКСР-нің Орталық Атқару Комитеті Президиумының қаулысымен қайтадан құрылған Павлодар округінің құрамында Павлодар ауданы құрылды. Құрылғаннан бастап қазіргі кезге дейін Павлодар ауданының орталығы Павлодар қаласында. Ефремовка ауылында машина-трактор станциясында 1 трактор 9 ұжымдық шаруашылыққа қызмет көрсетіп, 1213 шаруашылықты біріктірген. МТС дәнді дақылдар бағыты бойынша жұмыс істеген. 1931 жылы 17069 га жаздық дақылдар егілді. МТС-тан басқа, Ленин машина-шөп станциясы жұмыс істеді, 1931 жылы 193700 га жинады.
Ауданда бірнеше кәсіпорын жұмыс істеді: Коряковка өзенінде “Казсольтрест” тұз кәсібі, пар диірмені, ет комбинаты, кірпіш және сыра зауыттары. Коряковка тұз кәсіпорнында 1931 жылы 1061 мың рубльге тұз алынды, сыра зауыты 516 мың рубльге өнім берді, кірпіш зауыты – 103 мың рубльге өнім шығарды.
Наркомирос желісі бойынша 1931-1932 оқу жылдары бірінші сатыдағы 119 мектеп — онда 7218 оқушы оқыды және 16 жоғары типті мектеп болды. Саяси ағарту жұмысын 15 клуб, 16 оқырман, 3 жылжымалы кино құрылғысы, 12 қызыл бұрыш және 4 кітапхана жүргізді. Емдеу желісі жақсы дамыды. 1931 жылы 90 орынды 4 аурухана болды. Оның үшеуі Павлодар қаласында орналасты. Ауданда 15 дәрігерлік және 15 фельдшерлік пункті жұмыс істеді. Павлодарда әйелдер–балалар консультациясы, санитарлық-бактериологиялық зертхана, пастеров станциясы, балалар мен жасөспірімдерді сауықтыру пунктісі.
1932 жылғы ақпанда Павлодар ауданы Шығыс-Қазақстан облысының құрамына кірді. Сол жылы партия ұйымын Қазақстанның мемлекеттік қайраткері А.Розыбакиев басқарды. 1935 жылғы 31 қаңтардағы РСФСР ВЦИК қаулысына сәйкес Шығыс-Қазақстан облыстық депутаттар кеңесінің 1935 жылғы 1 ақпандағы атқарушы комитеті Павлодар ауданының құрамына 23 ауылдық кеңестерін бекітті.
ҚазОАК Президиумының 1938 жылғы 4 ақпандағы қаулысымен Павлодар ауданы қайта құрылған Павлодар облысының құрамына берілді.
Павлодар облысының жаңа құрылуына байланысты Павлодар аудандық КП(б)К комитеті КП(б)К қалалық комитетіне қайта құрылды. Сонымен, Павлодар қалалық кеңесі аудан құрамынан шығып, Павлодар ауданы ауылдық аудан болды. 1939 жылғы 16 мамырдағы бірінші аудандық партия конференциясында аудандық партия комитетінің хатшысы болып М.Михайлов сайланды, ал аудандық атқарушы комитетінің төрағасы болып Ш.Досов сайланды.
1940 жылғы 15 наурыздағы жағдай бойынша Павлодар ауданының құрамына 11 ауылдық кірді: Ақтөбе, Гаврилов, Григорьев, Жана-ауыл, Жертұмсық, Петров, Роте-Фан, Романов, Чернорецк, Шақат және Ямышев.
1930-1935 жылдары егіншілік сала ретінде нашар дамыды, 13 шаруашылықта техника саны аз болды, дәнді дақылдар шығымдылығы екі центнерге де жетпеді. Жемшөп, жүгері өндірісімен айналыспады. Табиғи шабындыққа негізгі сенім артылды, себебі мал шаруашылығы үшін шемшөп дайындалды. Сонда да мал шаруашылығы өнімін өндіру төмен деңгейде болды, себебі мал жемі болмады. Ұрықтандыру және тұқымдық жұмысы сол уақытта жүргізілмеді.
Алғашқы соғыстан кейінгі жылдары ауылдықтар өндіріс жоспарын орындау және өнім тапсыру үшін көп күш-жігер жұмсады. 1946-47 жылдары диқаншылар еңбегінің арқасында аудан егін шығымдылығы бойынша жоғары көрсеткішке жетті. Сол жетістіктері үшін КСРО Жоғарғы кеңесі Президиумының 1947 жылғы 9 сәуірдегі Жарлығымен көптеген еңбеккерлер үкімет наградаларын алды.
1947 жылғы егін көп шаруашылықтарға мал өнімділігін көтеруге ықпал етті. Кейінгі жылдары ауыл шаруашылығы өндірісінің соғыстың алдындағы деңгейі қалпына келтірілді және оданда жоғары деңгейге де жететін болды.
Аудан еңбекшілері мал басын көбейту және дәнді, жемшөп дақылдарының шығымдылығын арттыру бойынша жоғары көрсеткіштерге жетті.
Ұжымдық және кеңестік шаруашылықтардың жұмысы жылдан жылға жақсаруына байланысты, аудандық партия комитеті мен аудандық атқарушы комитеті ауылдықтардың мәдени сауығына, ең алдымен біліміне ерекше назар аудара бастады. Ірі кенттерде он жылдық мектептер, ал басқа жерлерде – жеті жылдық және бастауыш мектептер жұмыс істеді.
Ауылдарда оқу залдары мен жылжымалы кино құрылғысы жұмыс істеді. Әр ауылда кітапханалар жұмыс істеді, ал шағын ауылдарда қызыл бұрыштар ұйымдастырылды.
Аудан тарихындағы бет-бұрысты сәт – тың және тыңайған жерлерді игеру. 1954-1955 жылдары Павлодар ауданында тың және тыңайған жерлерді жырту кезінде дәнді дақылдардың алқаптары 3-4 есеге көбейді. Тың кезінде аудан аумағында жаңа кеңшарлар ұйымдастырылды: Ямышев, Преснов, Жаңа-Ауыл, Восточный, Кубанский. 1955 жылғы 20 қарашада ХІІІ аудандық партия конференциясында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Н.Кузин сайланды.
Астық танабының кеңеюіне және егін шығымдылығының көтерілуіне байланысты 1956 жылы аудан бойынша өте жақсы астық егіні жиналып, сонымен қатар мал өнімділігі жоғарылады.
50-ші және одан кейінгі жылдары аудан облыс ішіндегі негізгі астық және мал шаруашылығы аудандары болып табылды. Сол жылдары аудандық комитет Ертіс өзені жағалауында орналасқан шаруашылықтарда көкөніс пен картоп егісін кеңейту, сондай-ақ көкөністің ерте егілетін сорттарын өсіру үшін жылыжайлар мен көшетхана шаруашылықтарын құру жөнінде шешім қабылдады. Жаңа кеңшарларда көптеген мәдени-ағарту мекемелері салынды: мектептер, мәдениет үйлері, дәрігерлік амбулаториялар. Ұжымдық шаруашылық маңындағы базаларда “Пресновский” және “Ямышевский” кеңшарлары ірілендірілді. “Жаңа-ауыл” мен “Павлодарский” кеңшарлары бірігіп “Павлодарский” кеңшары болды. 1962 жылдың басында ұжымдық шаруашылықтар мен кейбір кеңшарлар бөлімшелерінің базасында тағы да үш жаңа кеңшар құрылды: “Заря”, “Маяк” және “Маралды”.
Ефремовка ауылында Павлодар МТС базасында жаңа мамандандырылған шошқа өсіретін “Ефремовский” кеңшары құрылды. Пресное ауылында “Авангард” құс кеңшары, ал Мичуринде – “Плодопитомник” қоян өсіру кеңшары ұйымдастырылды. Сонымен, ауданда 14 кеңшар мен 2 ұжымшар – Киров және Тельман атындағы ұжымшар болды.
50-ші жылдардың ортасында және 60-шы жылдардың басында құрғақшылық пен жаппай жер жыртуға байланысты дәнді дақылдар егістерінің көптеген бөлігі жел эрозиясына ұшырады. Осындай қиыншылық жағдайда Красноармейка ауылында “Кубанский” кеңшарының негізінде топырақты эрозиядан қорғау жөніндегі Тәжірибелік станциясы ұйымдастырылды. Ғылыми станциялар жел эрозиясымен күресу үшін алқаптық топырақ қорғау жүйесі мен жерді өңдеуді қолдануды ұсынды. Бұл шаралардың арқасында бірнеше жылдардан кейін егіншілік саласы жақсарып, астық шығымдылығы артты.
80-ші жылдарда ауданда бірқатар ірі сүт-мал шаруашылығы кешені және мамандандырылған сүт бөлімшелері жұмыс істеді. Ауданның озат шаруашылықтары – Киров атындағы және Тельман атындағы ұжымшарларда, сондай-ақ басқа да шаруашылықтарда бір сиырдан шыққан сауын үш мың килограмнан асты. Павлодарды көкөніспен қамтамасыз ету үшін Черноярка суару жүйесінде “Черноярка” жаңа кеңшары құрылды. Сол жылдары Павлодар ауданында облыс арасында ең үздік аудан қатарынан табылды. Ауданда сүт өңдеу, агротехника, дәнді және техникалық дақылдарды өңдеу, эрозияға қарсы шараларды ұйымдастыру ісімен облыстың барша ауыл шаруашылығы қызметкерлері айналысты. Аудан шаруашылықтарында мәдениет үйлері, типтік бала-бақшалар мен мектептер, амбулаториялар мен фельдшерлік пунктілер, тұрғын үйлер көтерілді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері қоғамды демократияландыру және әлеуметтік-экономикалық реформалар бағытына бет алды. Аудан аумағында Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың саясатын жүзеге асыру ең алдымен аудан әкімшілігінің басшысына жүктеледі.
1994-1996 жылдары ауыл шаруашылығын реформалауға байланысты кеңшарлар мен ұжымшарлардың орнын акционерлік қоғамдар, өндірістік кооперативтер, шаруа қожалықтары басты.
Жоғары көрсеткіштермен ерекшеленетін “Луганск” өндірістік кооперативі (төрағасы П.П.Кузьменко), “Кирова” ЖШС (директоры Н.И.Плевако), “Пресновское” шаруа қожалығы (С.Х.Байболатов), “Жаңа-Қала” ШҚ (Қ.Қ.Тұрлыбаев), “Омаров” ШҚ (К.К.Омаров) және басқалары.
Аудандық “Нива” газеті өз жұмысын 1930 жылы бастады, аудан тарихымен тікелей байланысты, ауданның, аудан халқының әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени өмірінің айнасы болып табылады.