
Азаматты белгілі бір сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізіміне енгізу үшін оның осы сайлау учаскесінің аумағында тұрғылықты жері бойынша тіркелу фактісі негіз болып табылады.
Сайлаушылардың тізімдері алфавиттік немесе өзге тәртіппен жасалады. Тізімде сайлаушының тегі, аты, әкесінің аты, туған жылы (он сегіз жаста – қосымша күні мен айы), жеке сәйкестендіру нөмірі және тұрғылықты жерінің мекенжайы көрсетіледі.
Тұрғылықты жері бойынша сайлаушылардың тізімін жеке тұлғалар туралы мемлекеттік деректер базасының негізінде тиісті жергілікті атқарушы орган жасайды.
Әрбір сайлаушы сайлау жарияланған немесе тағайындалған сәттен бастап тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.
Егер сайлаушы сайлауға дейін отыз күннен кешіктірмей оның тіркелген жері бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға сайлау күні келуге мүмкіндігі болмайтыны туралы белгілі болған жағдайда, ол өзінің тұрған жері бойынша жергілікті атқарушы органға оны сайлаушылардың тиісті тізіміне енгізу туралы жазбаша өтінішпен жүгінуге құқылы.
Азамат жүгінген кезде жергілікті атқарушы орган азаматты тіркелген жері бойынша сайлаушылар тізімінен шығаруды және оны азамат дауыс беретін учаскенің сайлаушылар тізіміне енгізуді ұйымдастырады.
Әрбір сайлау учаскесі бойынша сайлаушылардың тізімдеріне шешімі бойынша учаске құрылған әкім қол қояды және ол тізім дауыс беру басталғанға дейін жиырма күн бұрын акт бойынша ұсынылады.
Жатақханаларда тұратын, арнаулы орта және жоғары оқу орындарында, сондай-ақ күндізгі оқу формасында жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары бойынша білім алушылар жатақхананың орналасқан жері бойынша сайлаушылар тізіміне енгізіледі.
Әскери бөлімдердегі сайлаушы-әскери қызметшілердің, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің және әскери бөлімдер орналасқан жерлерде тұратын басқа да сайлаушылардың тізімдері әскери бөлімдер командирлері ұсынатын мәліметтер негізінде жасалады.
Демалыс үйлерінде, санаторийлерде, стационарлық емдеу-профилактикалық мекемелерінде, шалғай және қолжетімсіз аудандарда азаматтар орналасқан жерлерде, шалғайдағы мал шаруашылығы учаскелерінде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегі өкілдіктері жанында құрылған мекемелерде, Қазақстан Республикасына тиесілі және сайлау күні жүзіп жүрген кемелерде орналасқан сайлау учаскелері бойынша сайлаушылардың тізімдері аталған мекемелердің басшылары, тиісті әкімдер, аталған өкілдіктердің басшылары мен кеме капитандары ұсынатын деректер негізінде жасалады.