Дезинфекциялау жалғасуда

Дезинфекциялау жалғасуда

Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында шаһарымызда дезинфекциялау шаралары жалғасуда. Бүгінде қаладағы аялдамалар, балалар және спорттық алаңдар мен көше жолдары, подъездер өңдеуден өтуде.

Әлемді алаңдатқан COVID-19 індетімен күрес аясында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің ұсынған ақпаратына сәйкес шаһарымызда биылғы жылдың сәуір, мамыр айларында «MEDLEND» ЖШС мердігерлік ұйымы дезинфекциялық алдын алу шараларын жүргізген.

Қазіргі таңда қосымша мемлекеттік сатып алулар конкурсы өткізіліп, қорытындысы бойынша қала аумағында дезинфекция жүргізу үшін «ПрофРемСтрой Ақсу» ЖШС-мен жалпы сомасы 7,790 млн. теңгенің келісімшарты жасалды.

Мердігер ұйым күн сайын шаһар автопавильондарында натрий гидрохлориді ерітіндісімен дезинфекция шараларын жүргізуде. Сонымен қатар, балалар ойын және спорт алаңдары, халық көп жиналатын орындар (саябақ, парк) аспалы бүріккіш арқылы өңделуде. «Натрий гипохлориті» - дезинфекциялық құралы қолданылуда.

Жолаушылардың қауіпсіздігі үшін жүргізушілер мен бақылаушылар күнделікті қоғамдық көліктерді өңдеу ережелері мен кестеге сәйкес ылғалды өңдеуден өткізуде. Аталмыш шаралар «ҚР төтенше жағдай енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Қаулысына сәйкес «Қазақстан Республикасы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар туралы» 2020 жылғы 22 наурыздағы №26 Нұр-Сұлтан қаласының қаулысы негізінде COVID-19 таралуын ескерту мақсатында дезинфекциялық алдын алу шараларын жүргізу бойынша нұсқаулыққа сай қолға алынуда. 

Автобустар әр сапарға шығар алдында және жолаушылар тасымалынан соң соңғы аялдама «ТЖ вокзалында» арнайы дезинфекциялық препарат (құрамында хлор бар) С-01 және жуғыш құралдармен дезинфекциялануда. Қоғамдық көліктерді өңдеу ережелері мен кестесі автобустарда ілінген.

Бұдан бөлек, күн сайын «Ақсу бекеті» ЖШС автостанциясы мен қалаішілік жолаушылар тасымалына мониторинг жасалады. Ал қалааралық маршруттар (Ақсу-Павлодар-Ақсу, Ақсу-Екібастұз-Ақсу) бойынша барлық жолаушылардың температуралары бақылануда.   

Бүгінде Ақсу қаласында 12 тұрақты қалалық маршрут («BUS-PVL» ЖШС 8 маршрут, «Ақсутрансбизнес» ЖК 4 маршрут) бар болса, тасымалдаушылардың жылжымалы құрамы жалпы 30 бірлік автокөлікті құрайды. Бұған қоса, жолаушылар 7 ауылдық маршрут Ақсу-Құркөл («Ақсутрансбизнес» ЖК), Ақсу-Береке («Орлов Н.А.» ЖК), Ақсу-Сольветка («Ақсутрансбизнес» ЖК), Ақсу-Сарышығанақ («Ақсутрансбизнес» ЖК), Ақсу-Үштерек («Истомин В.И.» ЖК), Ақсу-Айнакөл («Мусинов К.К.» ЖК), Ақсу-Ақжол («Баянова» ЖК) бағыттары бойынша тасымалданады.

Бүкіл әлем күресіп жатқан індетке қарсы өңдеу шаралары әрі қарай да өз жалғасын таппақ.