
Ақсу қаласының әкімі Н.Ш Дүйсенбинов ауылдық округ әкімдерінің және мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен аппараттық кеңес өткізді.
Ақсу өңірінде денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру мәселесі қаралды.
«Ақсу қаласының қалалық ауруханасы» ШЖҚ КМК бас дәрігері Ерлан Шәріпов денсаулық сақтау саласында қол жеткізілген индикаторлар туралы баяндады. Ағымдағы жылы ана мен бала өлім-жітімінің, қатерлі ісік ауруының, туберкулездің, қан айналымы жүйесінің және т. б. көрсеткіштері төмендеді.
Медициналық кадрларға деген қажеттілікті, сондай-ақ ауылдық елді мекендерде дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пункттер салу қажеттігін Ақсу қаласының әкімі Н.Ш Дүйсенбинов атап өтті.
Көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту үшін дәрігерлерді, медицина қызметкерлерін тарту бойынша жұмысты күшейтуді, ауылдарда дәрігерлік амбулатория және фельдшерлік акушерлік пункт салу және жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Сондай-ақ, аппараттық кеңес барысында жүргізіліп жатқан жұмыстарға қатысты ауылдық округ әкімдерін тыңдады. Көшені жарықтандыру, қаңғыбас иттерді аулау, балалар ойын алаңдарын орнату, аумақтарды санитарлық тазалау мәселелерін бақылауға алуды тапсырды.
Сонымен қатар, КПТҮ жылу беру маусымына дайындық, астық жинау, азық-түлік тауарларының бағасы, мәселелерін бақылауға алуды тапсырды.