
Сіздерді көктемнің шұғылалы мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Жер бетіндегі жақсылық пен ізгілік, қайырымдылық пен мейірімділік ұғымдарының барлығы ана атауымен тығыз байланысты. Сондықтан көктемнің осы бір тамаша мерекесі әйелге тән әсемдік пен нәзіктіктің мәңгі белгісі сияқты көрінеді.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сөзімен айтқанда: «Егемен елімізде әйелдер қауымы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Отбасы институтын, көп балалы аналарды, кәсіпкер әйелдерді қолдау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың аса маңызды басымдығы».
Сіздер әрдайым егемен еліміздегі бейбіт тірліктің, бірегей бірліктің, кемел келешекке деген сенімнің, ізгілік пен мейірімділіктің ұйытқысы болып келесіздер. Күнделікті қажырлы еңбектеріңіз арқылы отбасының нығаюына ғана емес, қоғамның барлық саласының дамуына зор үлес қосып жүрсіздер.
Құрметті Аналар, аяулы Арулар! Сіздер – өмірдің өзегі, тіршіліктің күре тамыры болғандықтан орындарыңыз қашанда бөлек, есімдеріңіз қастерлі. Сіздерді көктем мерекесімен шын ықыласыммен құттықтай отыра, баршаңызға мықты денсаулық, баянды бақыт, ұзақ ғұмыр тілеймін.
Отбасыларыңыз аман, әрбір игі істеріңіз берекелі болсын! Мереке құтты болсын!
Жанат ШҰҒАЕВ, Ақсу қаласының әкімі